Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды




Скачать 476.59 Kb.
НазваниеАвтореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды
страница2/3
докторы А Т
Дата конвертации06.02.2016
Размер476.59 Kb.
ТипАвтореферат
источникhttp://iie.kz/userfiles/1umetali.doc
1   2   3

НЕГІЗГІ БӨЛІМ


Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, әдістемелік негіздері, мерзімдік ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын басты тұжырымдары берілген.

«Ә.М. Оразбаевтың өмірі мен қызметі» атты бірінші тарауда ғалымның шыққан ортасы, білім алу кезеңдері, Ұлы Отан соғысына қатысуы мен ерліктері оның болашақ ғалымдығы, ғылыми жетістіктері тақырыбымен байланыстырылып сипатталады.

«Өскен ортасы» тақырыбындағы 1.1 тараушада Ә.М. Оразбаевтың өскен ортасы, өмір тарихы мен ғылыми жолының сан қырлы белестері шынайы сипатталады. Ә.М. Оразбаевтың жеке ғалымдық, ұстаздық бейнесімен бірге үлкен Оразбаевтар әулетінен шыққан халқымыздың бірнеше біртуар тұлғалары тарих беттерінен өзінің жаңа орынын тапқан. Сондай ақ текті әулетпен тікелей байланыста болған ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының ірі қайраткерлері ғалымның азамат ретінде қалыптасуына тікелей әсер еткен.

Әбдіманап Медеуұлының үлкен әкесі Оразбай Аққыұлы (1831-1922) «Абай жолы» эпопеясындағы басты бейнелердің бірі. М.О.Әуезовтың «Абай жолы» романы ұлтымыздың бірегей әдеби мұрасы саналғанымен, ондағы Оразбай бейнесі кеңестік идеология ырқымен басқаша сипатталғаны, ондағы Оразбай әдеби кейіпкер екендігі қазіргі уақытта ғылыми ортадағы жұртшылыққа белгілі. Әйтсе де соңғы жылдардағы осы тақырыпқа қалам тартқан әдебиетшілер қауымының деректері бойынша, ел аузындағы ескі әңгімелер мен пікірлер бойынша шын, тарихи Оразбай бейнесі басқаша танылуда. Ол тек үлкен бай, шонжар ғана болып қоймаған, сонымен қатар ақыл парасаты мол беделді би, елге силы қажы болған.

Әбдіманап Медеуұлының өз әкесі Медеу Оразбайұлы (1863-1931) сауатты, көзі ашық, қазақ зиялыларының бірі болған. Ол Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты халқымыздың біртуар тұлғаларымен жақын жолдас, пікірлес болған.

Медеу Оразбайұлы 1922 жылы Мұқтар Әуезовтың ақыл кеңесімен Шыңғыс тауының бауырында, Ақтан бұлағының басында өз қаржысымен Семей қаласынан түйемен қызыл кірпіш тасытып мектеп салдырған. Бұл мектеп 1932 жылға дейін талай жалшы, кедей орташалардың балаларының көзін ашқан. [1, с. 4-8]. Кезінде үлкен кеңшардың орталығы болған осы ауыл қазір Медеудің атымен аталады.

Оразбаев Медеу мен оның екі ұлы Медеуов Саниязбек пен Медеуов Сләмқайдар 1931 жылы ақпан айында Абыралы, Шұбартау және Шыңғыстау аудандарында болған шаруалар көтерілісіне қатысты. Сол жылы олар Кеңес өкіметін құлатып, жаңа өкімет құрмақшы болған бандылар тобының бас көтерушісі ретінде айыпталып қамауға алынады. 1931 жылы мамыр айының он бесінде ППУГПУ үштігінің жиылысында мемлекеттік қылмыскер ретінде айыпталып, заңның 582 тармағы бойынша Медеу Оразбай ұлы 68 жасында Саниязбек және Сләмқайдар атты ұлдарымен бірге Алматы қаласында ату жазасына кесіледі. Шындығында да Шыңғыстау көтерілісінің жетекшісі Медеуов Саниязбек пен Торайғыров Емілжан деген азаматтар болған [6, 196 б.].

1931 жылы Әбдіманап Медеуұлы 8 жасында панасыз қалған шешесі Қасежанмен (1878-1978) бірге сол кезде Томскіден медицина институтын бітіріп келген Қабыш Медеуұлының қолына, Талдықорған облысының Айнабұлақ станциясына көшіп келеді. Үйден кетерде Әбдіманап ағаның анасы қолына бір түйіншектен басқа дәнеңе алмаған. Мәселе бас амандығына келіп тірелген заман еді деп жазады Әбдіманап Медеуұлы өзінің естеліктерінде. Сөйтіп жоғары білімді дәрігер Қабыш Медеуұлы кішкентай Әбдіманапты аштықтан, панасыздықтан ғана құтқарып қалмайды, сонымен қатар оны оқу-білімге тәрбиелеп, кейіннен ғылым жолына да түсуіне мұрындық болады. Олай дейтініміз, кейіннен өскелең жігіт Әбдіманапты Әлкей Хақанұлы Марғұланмен таныстырып, оның археология ғылымына келуіне де осы ағасы себепші болған.

«Әлекеңмен алғаш рет 1931 жылы кездестім. Қабыш ағамның жақын жолдасы еді. Біз Айнабұлақ станциясында тұрғанда 6-7 күнге бізге демалысқа келетін. Ұзын бойлы, қайратты қою қара шашты, қазақтың тамаша бір азаматы еді. Әлекеңмен аға ретінде таныстығымнан бөлек 1955 жылдан 1974 жылға дейін жиырма жылға жуық қызметтес болдым. Шағатай, араб,түрік, парсы тілдерін білетін. Ол кісіні сол кездегі облыстық партия комитетінің секретарынан шопанға дейін қатты қадірлейтін»,– деп аса бір құрметпен еске алады Әбдіманап Медеуұлы [7, 2-8-бб.] Жалпы Ә.М. Оразбаев Әлекеңді тірлігінде қатты құрметтеп, аға ретінде бек силаған. Сол силастықтың белгісі болса керек Әбекең өзінің жалғыз ұлына Әлкей деп ат қойған. Ғалымның өмір жолы аумалы төкпелі замандармен сәйкес келді, сонымен қатар оның балалық шағы қазақтың әлі қаймағы бұзылмаған қоғамының ортасында өтті. Бұл жағдай оның кейінгі ғылым жолындағы тарихи салыстыруларына негіз болды. Көз алдында елесі қалған қазақ халқының шаруашылығы, тұрмыс салты, дәстүрі, дүниетанымы оның кейіннен зерттеуші болған кезіндегі пайымдауларына сөзсіз әсер етті.

«Ғалым болып қалыптасуы, ғылыми экспедициялары мен зерттеулері» атты 1.2 тараушада Ә.М. Оразбаевтың арнаулы мамандық алуы, оның алғашқы ұстаздары, біртіндеп ғылымға келуі, үлкен ғылымға бой ұсынуы, ғылыми экспедицияларының нәтижесінде атқарған ғылыми жаңалықтары сөз болады.

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев Алматы қаласындағы №8 орта мектепті бітірген соң, 1940 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Сонда оқып жүріп 1941 жылы 13 желтоқсанда әскер қатарына шақыртылады. Соғыстан оралғаннан кейін 1946 жылы қыркүйек айында С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетінде оқуын жалғастырады. Бірақ Ә.М. Оразбаев болашақта археолог болуды армандайды. Ал ҚазМУ-де ол кезде археологтарды дайындамайтын еді. Сол тілегін ол университет басшылығына да жеткізеді. Сонымен осы Университетте 1948 жылдың 10 қазанына дейін оқиды. Содан кейін Ә.М. Оразбаев өзінің археолог болу арманын орындау үшін Ленинград қаласындағы А.А. Жданов атындағы Ленинград Университетіне ауыстырылады. Университет қабырғасында жүріп 1949 жылы наурыз айында партия қатарына қабылданады. Сонда оқи жүріп одақтық дәрежедегі академиктер А.И. Окладников, Б.Б. Пиотровский, М.П. Грязнов, В.И. Равдоникас, А.Н. Бернштам, М.И. Артомонов, М.М. Дъяконов, И.И. Борисовский және т. б ғалымдардан дәріс алады [1, с. 4-8], оқуды тыңғылықты оқиды, экспедицияларға қатысады. 1951 жылы 29 қыркүйекте Жоғарғы білім министрлігінің жас мамандарды қызметке бөлу жөніндегі шешімі бойынша ССРО ҒА-ның Материалдық мәдениет тарихы институтына аспирантураға жіберіледі. Аспирантурада оқыған жылдарында да көптеген экспедицияларға қатысады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа қарқын алған зерттеулер нәтижесінде түрлі археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, жинақталған қазба деректері жүйелі тұжырымдар жасауға себепші болды. Археологиялық нысандардың көп жерлерден табылуы, көптеп ғылыми айналымға енуі қола дәуірі ескерткіштерінің кезеңдестірілуін жасауға мүмкіндік берді. Сол кездегі Кеңес одағы көлемінде Андронов мәдениетінің алғашқы зерттеушілерінің бірі Михайл Петрович Грязнов сынды ғалымның басшылығымен қола дәуірін зерттей бастады. Оған берілген зерттеу аумағы Оңтүстік Сібір мен Ресейдің орманды өлкелерімен шектесетін Солтүстік Қазақстанның орманды далалы және далалы аймақтары еді.

1958 жылы Ә.М. Оразбаевтың тарих ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін жазылған «Солтүстік Қазақстанның қола дәуірі» атты диссертациялық ғылыми жұмысы М.П. Грязновтың жетекшілігімен қорғалды. Мұндай күрделі ғылыми жұмысты жазуда және қорғауда мәліметтердің аздығына байланысты қиындықтар да туындады. Әсіресе сол кездегі өте беделді ғалым К.В. Сальниковтың кезеңдеуіндегі «замараев кезеңін» жаңаша көзқараспен «замараев мәдениеті» деп атап жаңалық ашуы өзінше ғылыми ерлік еді.

Ә.М. Оразбаевтың ғылымдағы жолы екі кезеңнен тұрады десек, оның алғашқы кезеңі 1956 – 1971 жж. аралығында Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтында алдымен кіші, кейіннен аға ғылыми қызметкер болып істеген кезі. Бұл кез Ә.М. Оразбаевтың ғылымда құлашын кең жайған кезеңі десе болады. Соғыстың отты жылдарынан кейін бар қажыр қайратын ғылымға арнады.

Ә.М. Оразбаев Қазақстанның қола және ерте темір дәуірлерін зерттеу арқылы ғылымға сүбелі үлес қосты. Әсіресе, елуінші жылдардың соңында Солтүстік Қазақстанның соңғы қола дәуірі ескерткіштерін белдеулі қыш ыдысымен байланыстырып жеке «замараев мәдениеті» деп ұсынуы ғылымға қосылған соны жаңалық еді. Бұл ғылыми тұжырым алғашында көптеген ғалымдар тарапынан қолдауға ие болғанымен, кейіннен көптеген талас та туғызды. Дегенмен де, соңғы кезде қола дәуірін терең зерттеп жүрген отандық ғалымдар Ж.Қ. Құрманқұлов, А.З. Бейсенов, В.В. Евдокимов, В.В. Варфоломеев Ә.М. Оразбаевтың соңғы қолаға байланысты айтылған ойларын заманынан озып айтқан пікір деп дәлелдеді [8, 126 б.].

«Педагогикалық–ғылыми қызметі» атты 1.3 тараушада Ә.М. Оразбаевтың педагогикалық-ғылыми қызметі мен ҚазМУ-дің қабырғасында ұстаздық еткен жылдардағы археологиялық экспедицияларының зерттеу қорытындылары сөз болады.

1971 жылы ол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің тарих факультетінде археология және этнология кафедрасы ашылды. Университет ректоры Ө.А. Жолдасбековтың шақыртуымен Қазақ ССР Ғылым Академиясының, Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев оның алғашқы кафедра меңгерушісі болып тағайындалды. Ә.М. Оразбаев кафедраның кадрлық, оқу-методикалық, материалдық-техникалық базасын біліктілікпен, үлкен сүйіспеншілікпен құра бастады. Ол өзінің маңайына талантты студенттер мен ғалымдарды топтастыра білді. Алғашында штаттық мамандар корпусын құру өте қиын болды. Өйткені ол кезде Қазақстанда ғылыми атағы бар археолог, этнографтар өте аз еді. Мамандар жетіспегендіктен, жекелеген проблемалардан арнаулы курс оқуға Ғылым Академиясынан белгілі ғалымдар Ә.Х. Марғұлан, Х.А. Алпысбаев, О. Смағұлов және Мәскеу, Ленинградтан Одақтық дәрежедегі профессорлар М.П. Грязнов, С.С. Черников, Ю.А. Заднепровский шақырылды. Бүгінде осы кафедраны басқарып отырған Ә.М. Оразбаевтың алғашқы шәкірттерінің бірі профессор Ә.Т. Төлеубаев сол кезді былай еске алады: «Кафедра бірден екі мамандану бойынша кадр дайындады. Ол археология және этнография маманданулары. Мен кафедраның археология бойынша дайындаған шәкірттерінің екінші ұрпағының өкілімін. Кейін білдік, біздің сол кездің өзіндегі оқу жоспарымыз Мәскеу мен Ленинград университеттерінің археология бөлімдерінің оқу жоспарынан бірде бір кем болмапты. Қайта сол кезде әбден қалыптасқан Орта Азия университетінің оқу жоспарынан да күшті, мазмұнды болған екен. Сөз жоқ бұл Әбдіманап Медеуұлының үлкен ғылыми мектептен өткендігінің және ерекше еңбегінің нәтижесі». Кафедраның ашылуымен байланысты университетте археологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, Қазақстанның әр өңірлерінде қазба жұмыстары жүргізілді. Ә.М. Оразбаев кафедра жетекшілігі қызметімен бірге студенттердің терең білім алуына толық жағдай жасауды және ғылыми ізденістер жасауына қолдау көрсетуді жадында берік ұстады. Факультет ішінде археологиялық үйірме ісін дамытып, студенттердің әртүрлі одақтық конференцияларға қатысуына жағдай жасады. Аймақтық үйірме жұмыстарын жандандыру мақсатында «Қазақстан археологиясының өзекті мәселелері» мен «Андронов мәдениетінің негізгі проблемалары» және «Ерте темір дәуірі мен ортағасыр археологиясына» қатысты бағдарлама жасады. Ол бағдарлама 1970 жылдардағы кеңестік археологияның өзекті деген 100 тақырыбына арналған болатын. Ә.М. Оразбаев 1971-1972 жылдардан бастап университет көлеміндегі оқу процесінде теориялық білімді практикамен жетік ұштастыру керек екенін терең түсініп студенттерді археологиялық экспедицияларға тартты [9, с. 5-9].

Ә.М. Оразбаевтың археолог ғалым ретінде далалық зерттеулерімен бірге ұстаздық қырынан танытатын бірнеше оқу әдістемелік құралдарын жасағанын айта кеткен жөн. Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев 1974 жылдан бастап археология және этнология кафедрасының құрметті ұстазы, белгілі ғалым Уахит Хамзаұлы Шалекеновпен бірге университет қабырғасында археолог, этнограф мамандарды тәрбиелеуде үлкен еңбек атқарды.

Ә.М. Оразбаев өзінің бойындағы бар білімін, тәлім-тәрбиесін, методикасын өзінен кейінгі буынға сіңіре отырып, өз ғылыми мектебін қалыптастырды. Өмірінің соңына дейін археология ғылымына өзіндік сара жол сала отырып, шәкірттер тәрбиеледі. Олар тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Ә.Т. Төлеубаев, Ж.Қ. Таймағамбетов, М.Е. Елеуов, С.И. Әжіғалиев, А.Тоқтабай, С.У. Жауымбаев, Б.К. Қалшабаева, Ғ.Қ.Омаров және т.б. Осы аты аталған және басқа да ғылым мен білімнің әр саласында жүрген зерттеушілер және ұстаздар шоғыры бүгінге дейін Әбдіманап Медеуұлын өздеріне ұстаз тұтады. Ә. Медеуұлы шәкірттеріне бойындағы бар білімін беруге тырысты, ғылымға деген тазалықты, шын сүйіспеншілікті талап етті.

«Ә.М. Оразбаевтың қола дәуіріне қатысты зерттеулері» атты 2.1 тараушада Ә.М. Оразбаевтың елу жылға жуық ғылыми ғұмырындағы Қазақстанның барлық өңірінде жүргізген қола дәуіріне қатысты зерттеулерінің тарихнамасы мен алғашқы ғылыми кезеңдемелеріне сипаттама жасалады. Ә.М. Оразбаев зерттеулерінің негізгі бағытына айналған қола дәуірі көне қоғамда болған ірі өзгерістер мен шаруашылық және мәдени секірістер кезеңі деп атауға болады.

Қола дәуірі басқа тарихи кезеңдерге қарағанда көбірек зерттелгенімен, аталмыш дәуірдегі тарихи проблемалардың көпшілігі әлі де шешіле қойған жоқ. Неғұрлым қола дәуірінің ескерткіштер көбірек зерттелген сайын, бұл тарихи мәдени кезеңге қатысты сан алуан мәселелер легі де ұлғая бастайтыны тарихи шындық болып отыр. Мұның өзі бір шетінен отандық археология ғылымының дамуын да көрсетеді [10, 6 б.].

Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлеріндегі Ә.Х. Марғұлан бастатқан ғалымдарымыздың мақсатты түрде жүргізген зерттеулері нәтижесінде азды көпті мәліметтер жинақталып осы өңірлердің ескерткіштерінің кезеңдестірілуін жасауға мүмкіндік туды. Қазақстан жеріндегі қола мәдениеті кезеңдемесін К.А. Ақышев (1953), Ә.М. Оразбаевтар (1958) жасады. Олардың кезеңдемелері сол уақыттағы ғылымда басшылыққа алынған К.В. Сальниковтың кезеңдемесі негізінде жасалды, дегенмен де олардың кезеңдемесінің өзіндік ұстанған бағыты, бағдары бар еді. Олардың кезеңдемелерінде жергілікті мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктері, ұқсастығы, басқа мәдениеттермен байланысы ашып көрсетілді.

Елуінші жылдары жасалған Қазақстандық қос ғалымның (Ақышев К.А, 1953, Оразбаев Ә.М, 1958) қола дәуіріне жасаған кезеңдемелері қазіргі таңда ғылыми айналымда тек тарихнамалық деңгейде қаралғанымен бүгінгі қола дәуірі кезеңдемелерінің жасалуында олардың да үлесі бар екені анық. Сол уақыттағы деректердің аздығына қарамастан, кезеңдеу тәсілдерінің әлі жетілмегендігіне қарамастан бұл ғалымдардың қола дәуіріндегі бір мың жылды түрлі кезеңдерге бөлуі өте құнды ғылыми жаңалық еді.

Әбдіманап Медеуұлының қола дәуіріне жасаған кезеңдемесінің құндылығы сонда, ол бұл жұмысында феодоров және алакөл кезеңдерінің ескерткіштерінің ара жігін толық ажыратып берді және алакөлдік ескерткіштердің солтүстік Қазақстандағы ерекше түрін анықтады. Ғалымның бұл пікірінің дұрыстығын оның осы мәселені кейіннен зерттеген адамдардың тарапынан қолдау тапқанынан ақ көруге болады. Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі негізгі ой – жергілікті мәдениеттер энеолит дәуірлерінен бастап ақ үздіксіз үзіліссіз даму үстінде болды. Еуразияның орманды далалы және далалы өңірлерін мекендеген тайпалар металл қорының арқасында соңғы қола дәуірінде қоғамдық ірі секіріс жасады. Федоров және алакөл мәдениеттері қатар өмір сүрді, осы екі этномәдениет бір біріне әсер етті.

Жалпы Орталық Қазақстанның көптеген ескеткіштерін қазуға Ә.М. Оразбаев тікелей басшылық жасады. Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасына дейін Орталық Қазақстанда қазылғаған қола дәуірінің қоныстары мен жерлеу орындарының 70 пайызға жуығын Ә.М. Оразбаев қазып зерттеген.

«Ә.М. Оразбаевтың соңғы қола дәуірі бойынша зерттеулері» деп аталатын 2.2 тараушада ғалымның соңғы қола дәуіріне берген кезеңдемесі, соның ішінде осы мәдениеттерге тән белдеулі қыш ыдыстарды ерекшелеуі мен бірге әлі күнге ғылыми құнын жоймаған зерттеулері жан-жақты талданады.

Қазақстан жеріндегі көне мәдениеттерді зерделеуде қола дәуірінің, әсіресе соңғы қола дәуірі мәдениетін зерттеу отандық археология тарихының ерекше маңызды тұсы болды.

Ә.М. Оразбаев өзінің еңбегінде соңғы қола дәуірінің тұрмыстық сипатын өзінен кейінгі ерте темір дәуірінің көшпелі мал шаруашылығына бағытталған қоғамына тың серпін берді деді. Сондай ақ соңғы қола дәуірі «алғашқы қоғамдық құрылыстың» дамыған соңғы белесі болып, келесі көшпенді мал шаруашылығына негізделген тайпалық бірлестіктер қоғамына өтті деді [11, с. 282].

Ғалымның соңғы қола дәуіріне байланысты берген бағасы қазіргі таңда дәлелденіп отырған ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалық бірлестіктері мемлекеттілік дәрежесіне дейін көтерілді деген тұжырымдарға негіз болары сөзсіз. Мемлекеттіліктің алғы шарты қалыптасумен бірге қазақ халқының шаруашылығының көріністері және тұрмыс салтының қайнар көзі бастау алатын соңғы қола дәуірін, отан тарихының маңызды кезеңі деп қарау қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе төңірегінде де Ә.М. Оразбаев еңбектерінде қамтылғандығын және тамыры тереңде жатқан қазақ халқының этноқайнар көздерін қола дәуірінен сабақтастыра отырып қарастыру ғалым зерттеулерінің басты қағидасы болды. Бірақ бір өкініштісі ұзақ жылдар бойы отандық қола дәуірін зерттеуші Ә.Х. Марғұлан бастатқан ғалымдар үштігінің зерттеулері тек тарихнамалық деңгейде қарастырылғаны рас еді. Дегенмен соңғы қола дәуірі мәселесі қазіргі таңда да көпшілік ғалымдардың назарын аудартып, оң бағыт алды деуге болады.

Соңғы қола дәуірі проблемалары Қазақстан археологиясының тарихымен бірге жасасып келе жатқан тақырып болғандықтан оның сан салалы қырлары Ә.М. Оразбаев еңбектерінен шет қалған жоқ. Соңғы қола дәуіріндегі ірі қоғамдық өзгеріс нәтижесінде қалыптасқан дамыған жаңа үлгідегі мәдениетті қыш ыдыстары бойынша ерекшелеуі қазіргі таңда қола дәуірін зерттеуші белді мамандардан қолдау табуда. Сондай ақ соңғы қола дәуірінің келесі бір өзекті мәселесіне айналған Қарасұқ мәдениетінің Қазақстан жеріндегі мәдениеттерге ықпалы жөніндегі таласты пікірлерге өз тарапынан үн қосып, Қазақстан жеріндегі қола дәуірі тайпалары ұдайы даму үстінде болған жергілікті тайпалар екендігін айтылды.

«Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі этноархеологиялық салыстырулар мен көне дәуір қоныстарына жасаған жаңғыртпалары» атты 2.3 тараушада ғалымның қола және ерте темір дәуірлеріне қатысты зерттеу негізінде жасалған жаңғыртпалары мен қазақ халқының өмір тұрмысымен көне мәдениеттерді салыстыру еңбектері қарастырылады.

Ә.М. Оразбаев Қазақстан территориясының барлық өңірлерінде өз зерттеулерін жүргізіп отан тарихының осы кезеңдеріне терең бойлап, ширата суыртпақтап дәстүр жалғастығын өз халқымыздың шаруашылығы мен тіршілігінен таба білді. Ғасырлар тұңғиығында шөгіп жатқан бірізділікті тауып қана қоймай, оның басқа да көріністерін салыстыра отырып жаңғыртпасын жасады. Ә.М. Оразбаев өз зерттеулерінде Қазақстанның Солтүстік және Орталық өңірлерінен қола дәуірінің ірі жеті қонысын қазып оның үшеуінің (Бұғылы, Шағалалы, Суықбұлақ қоныстарына) таза ғылыми тұрғыда жаңғыртпаларын жасады. Бұл үш қоныстың жаңғыртпасының жасалуы Отан тарихында ең алғаш көне ескеркіштерді қалпына келтірудің бастамасы еді. Қоныстардың үйлердің осы қайта қалпына келтірілген түрі ғылыми әдебиеттер мен оқулықтардың және мұражайлардың көркемдік құнды дүниесіне айналды.

Ә.М. Оразбаев зерттеулерінде кездесетін археологиялық қазба материалдарын халқымыздың этнографиясымен сабақтастыру үрдісін бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады.

Қола дәуірі қоныс құрылыстары қазақ халқының қыстау құрылыстарына өте ұқсас келеді, қазақтардың тастан немесе саман кірпіштен салынған құрылысын, оның іші сырты сазбен сыланатынын, үсті бөрене ағаштармен, шөппен және күл топырақпен жабылатынын салыстырды. Ә.М. Оразбаев көп жылдық зерттеулерінің нәтижесі ретінде әсіресе қола дәуірі қоныстарына, шаруашылығына берген бағасын Солтүстік Қазақстан жеріндегі 1964-1967 жылдар аралығындағы Шағалалы қонысының зерттеулері көрсетеді. Шағалалы қонысы Көкшетау облысы, Красноармейск ауданы, Октябрь селосы жанындағы Шағалалы өзені жағалауында 16 қоныс үй орнынан тұрады. Барлық қоныс орындарында қазақ халқының тұрмысындағы сияқты үй жаймен жапсарлас қора қопсы орналасқан, сондай ақ үй ішінде қысты күндері жас төлдер (қозы, лақ, бұзау) тұруы мүмкін, өйткені қоныс ішінен кіре беріс бұрышта қоңыр түсті шірінді мал көңі сияқты заттар сақталған [12, с.129].

Сонымен бірге қазақ халқының этнографиясындағы киім үлгілері, жүннен сырылып жасалған – «шекпен», теріден жасалған жеңіл – «саптама», жүннен иіріліп тоқылатын «байпақ» және т.б киімдермен бірге, шиден тоқылатын «өрмек», түйе жүнінен тоқылатын «шуда жіп», теріден жіңішкелеп тілінетін бау ретінде «тарамысты», айта отырып бұлардың алғашқы үлгілері андрон мәдениеттерінен бастау алады деген болатын [13, с. 255].

Шағалалы қонысындағы № 4 жертөледен табылған сүйек тері өңдейтін заттың сабында бейнеленген аң бейнесі (қасқыр) ерте көштелілер кезеңінің «аң стилі» образының қайнар көзі болумен бірге онда бейнеленген кейбір күрделі сызықтар және № 3 жертөледен табылған сүйек ауыздықтағы әртүрлі өрнектер, қазақ халқының ою өрнегіндегі «қошқар мүйіз», «қара тұяқ», «ит құйрық» сияқты мотивтерді қайталайды деген болатын [13, с. 64]. Қола дәуірінің ерте кезеңдеріндегі тайпалардың, өмір салтын қорыта келе олардың жерлеу дәстүріндегі қоршаулар жөнінде тоқталды. Жерлеу орындары сыртында қоршау жасау дәстүрі, көне тайпалардың мал аяғынан, үй жануарларынан, түз тағыларынан қорғау үшін салынған. Сонымен бірге адамдардың өзі «аруақ»-«рух» деген түсініктердің пайда болуымен бірге «өлілер әлеміне» бөлек ауыл ретінде қарап, топтастырып жерлеп олардан қорқу қалыптасқан. Өлген адамдардың аруағы шығып кетеді немесе үстін таптаса рухы ашуланады деген түсініктер болуы мүмкін. Ондай түсініктер қазіргі уақыттарға дейін кейбір халықтарда сақталған дей келе, қазақ халқының дүниетанымындағы «адамның жаны өлмейді, өлілер әлеміне ұшып аруаққа айналады» егер ата-баба аруағын еске алып, иіс шығарып «жеті шелпек» пысырып тұрса өлі аруақ риза болады деген түсінікті салыстырды [11, с. 259]. Ә.М. Оразбаев ғылыми еңбектерінің өзіндік ерекшелігін құндылығын арттыратын жақтары осы археологиялық қазба деректерін жан жақты талдап, салыстыру арқылы мәдени жалғасын халқымыздың тұрмысы мен тіршілігінен, табиғи болмысынан таба білуінде.

Қазақ халқының рухани әлемі, дәстүрлі мәдениеті мен өнері тамырын тереңге жайған. Қай халықтың болса да рухани әлемі ең алдымен дәстүрлі өнерінен көрінетінін білеміз. Қола дәуіріндегі тайпалардың тұрмысы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқа тәуелді болды, сондықтан Қазақстан жеріндегі тайпалар табиғи ортаға бейімделе отырып мыңдаған жылдар бойы дәстүрлі шаруашылық пен дүниетанымдық түсініктер қалыптастырды. Бұл жергілікті жерде табан аудармай ғұмыр кешкен тайпалар мен ұлыстардың жалғасы қазақ халқында көрініс тапты. Қола дәуіріндегі тайпалардың қазақ халқының этногенезін зерттеуде басты орында тұратыны жөнінде Ә.М. Оразбаев еңбектерінде жиі айтылады. Оны сан қырлы зерттеулері кезінде адамның туғаннан көз жұмғанға дейінгі тіршілігінен нақты дәйектерімен көрсете білді.

«Ә.М. Оразбаев зерттеулерімен байланысты қазіргі қола дәуірінің өзекті мәселелері» деп аталатын 2.4 тараушада Ә.М. Оразбаевтың қола дәуіріне қатысты еңбектерін саралай отырып, осы кезеңді зерттеуге қосқан үлесі мен бірге Отандық археологияның қола дәуіріне байланысты мәселелері мен даму жолының бағыттары сипатталады.

Елуінші жылдары Қазақстандық ғалымдар тарапынан жасалған кезеңдеме алғашқы Андрон мәдениетінің жүйеленуінде негізгі бағыт сілтеуші зерттеулер болумен бірге, Еуразияның көне мәдениеттерін зерттеуге үлес қоса отырып, жергілікті аймақтық өзгешеліктерді де ашып көрсете білді. Жергілікті аймақтық ерекшелік дегенде сайып келетін мәселелер, табиғи орта, этно-археологиялық байланыстар және мәдениеттердің тамырының автохтондылығы мен аймақтық атаулар ғалымдарымыздың назарынан шет қалған жоқ. Қазақстан жеріндегі жасалған кезеңдеме ісінің К.А. Ақышев (1953), Ә.М. Оразбаевтар (1958) тарапынан жасалған үлгілері сол уақыттағы мәліметтердің аздығына қарамастан Қазақстандық жас ғалымдардың өзіндік ұстанған бағыты, бағдары бар екендігін көрсетті. Олар үш кезеңнен тұратындығы мен атауларының біркелкілігін К.В. Сальниковтың кезеңдемесі негізінде сақтағанымен жергілікті мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін және ұқсастығының ара жігін ажырата отырып өз кезеңдемелерін ұсынды.

Жетпісінші жылдардан бастап мәліметтердің молайуымен байланысты және жерлеу ескерткіштерімен қатар қоныстардың көптеп зерттелуі, сондай ақ алакөлдік ыдыстардың феодоровтық ыдыстармен аралас кездесуі және т.б жорамалдар екі этностың қатар өмір сүргендігі жөніндегі тұжырымдарға әкелді. Бұл бағыт алғашқы кезеңдемені жасаушылардың тұжырымдарын жоққа шығарғанмен әлі күнге екі этностың біреуі, яғни феодоровтықтар қайдан келгенін ашып айтып бере алмайды. Алакөл және феодоров мәдениеттерінің қатар өмір сүруі жөнінде қола дәуірін зерттеуші ғалымдардың ірі шоғыры Э.Ф. Федорова-Давыдова, М.Ф. Косарев, М.Г. Мошкова, В.С. Стоколос, Т.М. Потемкина, В.В. Варфоломеев, В.В. Евдокимов, А.А. Ткачев, Н.А. Ткачева, В.Г. Ломан есімдермен толыққанымен, арасында алғашқы бағытты қолдайтын Г.Б. Зданович, Н.А. Аванесова, Е.Е. Кузьмина және т.б болды. Ал екі этностың қатар өмір сүргендігін жақтайтын ғалымдар ішінен алғашында М.Ф. Косарев пен Т.М. Потемкиналар феодоровтықтарды Орал және Батыс Сібірдің қияндағы аймақтарынан келген тайпалар дейді [14, с. 14-27]. Еуразия даласының кең жазығында тараған екі мыңжылдықтан артық уақытты қамтитын қола дәуірінің зерттеліну тарихының өзі бір ғасырдан асқанмен шешілмеген мәселелері жетерлік. Қазақстан жері өзінің географиялық жағының алуан түрлілігімен бірге сан қилы мәдениеттердің тоғысқан торабы және шешуші аралық аймақ. Қазба деректерінің молығуы және кәсіби деңгейдің өсуі жалпы кезеңдеулерден нақты тарихи сипаттауға көшуден көрініс тауып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Соның ішіндегі неғұрлым даулы мәселелердің бірі феодоров және алакөл мәдениеттерінің қалыптасу орны жайында болып қала береді. Егер алакөл мәдениетінің пайда болу аудандары Тобыл мен Есіл бойы деп есептелсе, ал феодоров мәдениеті ескерткіштерінің қалыптасу аймағы туралы мамандардың көзқарастары бірегей емес.

Қазіргі таңда жаңа тұжырымдар бойынша феодоров тайпаларының шыққан отаны жөнінде бірнеше пікірлер қалыптасқанын айта кетуіміз керек. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап феодоров мәдениетінің қыш ыдыстарындағы өзіндік ерекшеліктеріне қатысты бұрыннан қалыптасқан Орта Азиялық ықпалдар бар деген теорияны қолдаған Н.Б. Виноградов, С.А. Григорьевтер тарапынан қайта қозғалды. Олардың айтуынша феодоровтықтардың арғы аталары Алдыңғы Азиядан жылжып Иран, Орта Азия жерлері арқылы Ертіс жағалауларына жеткен. Негізгі толқын батысқа қарай орманды далаларға қоныстанып кротовск мәдениетімен араласса, далалы аймақтарда алакөл мәдениетімен араласқан дейді. Сондай ақ Орал, Ертіс аралығында феодоровтық ерекше қыш ыдыс мәдениеті бар екенін де айта кетеді. С.А. Григорьевтің әсіресе басқа пікірлерінен көрі Орта Азиядан қазіргі Қазақстан жеріне келген феодоровтықтар жан жаққа тараған деген пікірі ескеріліп Қарағандылық зерттеуші И.А. Кукушкин тарапынан қолдау тапты [15, с. 26-30]. Алакөл және феодоров мәдениеттерінің алғашқы ашылған отаны саналатын Ресей жерінің ғалымдары осы мәселеге қатысты соңғы жылдары жаңа бір көзқарастар қалыптастыруда. В.И. Стефанов пен О.Н. Корочкованың Челябинск облысы Соснов ауданы жеріндегі Урефты І ескерткіштеріне жүргізген көп жылдық зерттеулері нәтижесінде андронов мәдениетінің алакөл және феодоровтық ескерткіштеріне кеңінен тоқталған. Онда алакөлдік мәдениеттің сол аймақта кеңінен таралуын айта келіп феодоров мәдениетінің түпкі отанын қарастырады. Қазіргі уақытта қола дәуірінің негізгі проблемаларының бірі осы феодоров мәдениетінің шығу тегі мәселесі болып қала береді.

Алайда бұл зерттеу жұмысымыздың негізгі бағыты Ә.М. Оразбаев археология ғылымына қосқан үлесін қарастыру болғандықтан басты мақсатымыз басқа пікірлерге мойын бұрмай біржақты көзқарас қалыптастыру емес. Қайта ғалым зерттеулерінің кейбір белгісіз қырларына үңілу арқылы не себепті ғылыми тұжырымдарының өзгермегеніне жете түсіну және қола дәуірінің қазіргі мәселелеріне үн қосу. Сонымен бірге Ә.М. Оразбаевтар тарапынан жасалған кезеңдеменің сатыланып келетін дәстүрлі мәдениет шеңберіндегі ойлары әлі күнге оқтын-оқтын қайталанып қарастырылуы бұл проблеманың әлі де қарастырылуды қажет ететінін көрсетеді.

«Ә.М. Оразбаевтың ерте темір дәуіріне қатысты зерттеулері» атты үшінші тарауда Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі ерте темір дәуірі бойынша зерттелінген Ә.М. Оразбаевтың ғылыми еңбектері мен мұрағат деректері талданып, жерлеу ғұрпының қалыптасуы мен қола дәуірі арасындағы этногенетикалық байланыстар сипатталады.

«Орталық Қазақстандағы ерте темір дәуірі ескерткіштеріне жүргізген зерттеулері» атты 3.1 тараушада Орталық Қазақстандағы Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі «мұртты» обалардың архитектурасы мен семантикасына жасаған қорытындылары талданады.

Сөз болып отырған ескерткіштердің негізгі мәнін ашуда Ә.М. Оразбаев өзінің «Жанайдар қорымындағы «мұртты» обаның архитектурасы» атты еңбегінде тереңірек үңіліп, жан-жақты ашуға тырысты. Жанайдар қорымындағы «мұртты» оба Қазақстандағы ең көне архитектуралық кұрылыстардың бірі дейді. Ә.М. Оразбаевтың бұл еңбегі ғылымда «мұртты» обаларды зерттеудегі ең алғашқы архитектуралық жаңғыртпа жасау болып табылады. «Мұртты» обаларды мұндай қайтадан қалпына келтіру және архитектурасына терең үңілу жұмыстары бұрын-соңды қолға алынбады десе де болады. Ал «мұртты» обалардың ішкі функциясына, семантикасына берген пікірлері, ойлары әлі де ғылымда өз мәнін жойған жоқ.

Ә.М. Оразбаев та «мұртты» обаларды ғұрыптық ескерткіштер деген пікірді ұстанды. Оның болжамы бойынша, мұндай ескерткіштер ежелгі дәуірдің діни салтанаттары кезінде құрбандыққа ат шалу дәстүрімен, қасиетті күн тәңіріне табыну идеяларымен сабақтас болғандығын айтты [16, с. 176].

«Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі ескерткіштеріне жүргізген зерттеулері» атты 3.2 тараушада ғалымның Шығыс Қазақстан облысында әр жылдарда жүргізген археологиялық зерттеулері негізінде тұрғындардың жерлеу ғұрпы ашылады.

Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірін зерттеуде Ә.М. Оразбаев үлкен үлес қосқан археологтардың бірі еді. Өзінің бағамды ғұмырындағы археологиядағы алғашқы қазба жұмыстары осы өлкемен тығыз байланысты болды. А.А. Жданов атындағы Ленинград университетінің тарих факультетінің археология бөлімінде оқып жүргеннің өзінде-ақ 1948 жылы С.С. Черников басқарған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясына қатысқан. Ә.М. Оразбаев тарапынан жасалған Шығыс Қазақстандық ескерткіштердің ғылыми сараптамалық қорытындылары да өзіндік жеке ұстанымға ие дербес пікірлерде жасалды. Әсіресе жергілікті жерде табан аудармай өмір сүрген көне Шығыс Қазақстандықтар неолит дәуірлерінен бастап ақ көршілес жатқан Оңтүстік Сібірдегі Афанасьев және Орталық Қазақстандық тайпаларымен мол металл қорлары арқасында саяси, қоғамдық байланыстар орнатып үздіксіз даму үстінде болды. Оның кейінгі дәуірлердегі көріністерін тас жәшіктерде Құлажорға мәдениеттерінен де көруге болады дейді [17, с. 40].

Шығыс Қазақстан өңірінің зерттелу тарихнамасында зерттеушілер пікірлері бір жерден шығып, карама-қайшылықсыз даму үстінде болды деуге болады. Әсіресе осы өңірдің үлкен зерттеушісі Ә.М. Оразбаев үзеңгілес әріптесі С.С. Черниковтың тұжырымдары негізінде жасалған және М.Қ. Қадырбаев пен Ю.А. Заднепровский тарапынан қолданған ерте темір дәуірінің жүйелік кестесі құнды. Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі уақытында берген зерттеу қорытындылары да осы ғалымдардың тұжырымдары негізінде үндес келетінін аңғаруға болады.

«Ә.М. Оразбаевтың Оңтүстік Қазақстандағы жүргізген зерттеулері» атты 3.3 тараушада Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі б.з.д. 2-1 ғасырларға жататын жерлеу ескерткіштері сараланып, жерлеу ғұрпы анықталады. Мәліметтердің көбі кіші көлемді обаларды зерттеуден алынған нәтижелер.

Ғалымның Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі зерттеулері бағытты түрде кең көлемде қамтылмағанымен әр жылдарда әр кезеңнің ескерткіштерін зерттеуге өз үлесін қосты. Оңтүстік Қазақстан территориясының көне кезеңдер ескерткіштері археологиялық жағынан өте аз зерттелгенін Ә.М. Оразбаев өзінің зерттеулерінде жетпісінші жылдардың өзінде ақ айта бастаған болатын: «По завершении исследования бронзы Северного Казахстана я буду просить отдел, дирекцию Института и Ученый совет дать мне возможность занятся исследованием бронзы Южного Казахстана и Семиречья, где памятники эпохи бронзы не только не изучены, но можно сказать и не выявлены» [18, с. 3].

Жетпісінші жылдары Ә.М. Оразбаевтың Қазақ Ұлттық Университетінде археология кафедрасының ашылуымен байланысты алға қойған мақсаты Оңтүстік Қазақстан және Жетісу өңірлерінің көне дәуір ескерткіштерін зерттеуге бағытты түрде мүмкіншілігі болмады.

Ә.М. Оразбаев ұзақ жылдар Қазақ Ұлттық Университетінің археологиялық экспедициясына жетекшілік жасап Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласында студенттерге тәжірбиелік практика жүргізу барысында қаланың қазба жұмыстарымен бірге осы өңірдегі ерте темір дәуірі ескерткіштеріне де қазба жұмыстарын жүргізіп тұрды.

Ә.М. Оразбаев зерттеулеріндегі Жалаңаш, Тасжарған, Жетіжар І, ІІ ескерткіштері өзінің сыртқы құрылымы мен ішкі жерлеу салты жағынан Жетісудың ерте үйсін дәуірі ескерткіштерімен өте жақын байланыстарды көре отырып, жергілікті үлкен бір мәдениет ауқымында болғанын нық айта аламыз. Ғалымның бұл зерттеулері археологиялық жағынан өте аз қарастырылған аймақтың мәдениетін, генезисін анықтауда аз да болса үлесі бар деп білеміз. Жетіжар І ескерткіштерін зерттеуде олардың үйсін дәуірі ескерткіштері екенін айтумен бірге әлеуметтік дәрежесі төмен қауымның қорымы екенін айтты. Сондай ақ Жетіжар ІІ ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізбесе де олардың сыртқы орналасу құрылымы мен көлеміне қатысты әлеуметтік дәрежесі жоғары таптың қорымы екенін айтты [19, с. 62-70]. Сонымен бірге жалпы осы ескерткіштердің мәдени және қоғамдық құрылымдарына қатысты Шу бойындағы Ортағасырлық Ақтөбе қаласымен байланыстыруы ерекше атап өтуге тұрарлық. Өйткені, әлі күнге археологиялық ғылыми сараптамалар жасауда обалар мен қалалардың қоғамдық және мәдени сипаты мүлдем бөлек қарастырылады.

Жалаңаш, Тасжарған жерлеу ескерткіштерін жаңадан ғылыми айналымға енгізе келе олардың ерте үйсін дәуіріндегі Жетісулық ескерткіштермен және Шығыс, Орталық Қазақстан жеріндегі осы кезең ескерткіштерімен сабақтастықтарды көрсетеді.

Қорытындыда, Ә.М. Оразбаевтың Қазақстандағы археология ғылымының дамуына қосқан үлесі және ұстаздық жолына қатысты қызметіне баға беріледі. Өзінің өмір жолының ширек ғасырға жуық уақытын тарих, археология ғылымдарының дамуына және археолог мамандарды дайындауға арнаған болатын. Ғалымның жасаған еңбектері тарих археология саласында өзекті ғылыми мәселелерді көтерумен дараланса, ұстаздық өміріндегі шәкірттері қазіргі таңда Қазақстан ғылымының көш басындағы тұлғалар мен жоғарғы оқу орындарында, Республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарында табысты, ғылыми-педагогикалық қызметтер атқаруда.

Қазақстан жерінде сонау энеолит дәуірлерінен бергі тайпалардың автохтондылығы жөнінде басқа ғалымдар еңбектерінде кездескенімен, оларды нақты қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы мен дүниетанымына қатысты жекелеген белгілермен салыстыру жағы Ә.М. Оразбаевтың еңбектерін оқ бойы озық көрсетеді. Ә.М. Оразбаев өз зерттеулерінде Қазақстанның Солтүстік және Орталық өңірлерінен қола дәуірінің ірі жеті қонысын қазып оның үшеуіне (Бұғылы, Шағалалы, Суықбұлақ қоныстарына) таза ғылыми тұрғыда жаңғыртпаларын жасады. Бұл үш қоныстың жаңғыртпа жасалуы Отан тарихында ең алғаш көне ескеркіштерді қалпына келтірудің бастамасы саналуымен бірге әлі күнге ғылыми әдебиеттер мен оқулықтардың және мұражайлардың көркемдік жағынан рең беруінде үлкен орынға ие. Жаңғыртпа жұмыстары нақты дәйектер арқылы археологиялық қазба негізінде жасалды. Қоныстарды қалпына келтіруде жер жағдайы мен табиғи шикізатты пайдалану және жергілікті тұрғындардың этнографиялық баспаналарымен салыстыра отырып жасауды басты орынға алды. Сондықтан да ғалым зерттеулерінің жаңғыртпа жасаудағы құндылығы жай бір көркем суреттеме ретінде елестету емес, қоныстардың қазба мәліметтерін нақты дәйектермен сөйлетуінде. Қола дәуіріндегі қыш ыдыстар сыртындағы өрнектердің сол уақыттағы тұрмыста қолданған басқа да заттарда салынуын қазақ халқының ою өрнегіндегі «қошқар мүйіз», «қара тұяқ», «ит құйрық» сияқты мотивтерді қайталайды деген болатын.

Қола дәуірінде «аруақ» – «рух» деген түсініктердің пайда болуымен бірге «өлілер әлемін» бөлек ауыл ретінде қарап, топтастырып жерлеп олардан қорқу қалыптасқан. Өлген адамдардың аруағы шығып кетеді немесе үстін таптаса рухы ашуланады деген түсініктер болуы мүмкін. Ондай түсініктер қазіргі уақыттарға дейін кейбір халықтарда сақталған деп, қазақ халқының дүниетанымындағы «адамның жаны өлмейді, өлілер әлеміне ұшып аруаққа айналады» егер ата баба аруағын еске алып, иіс шығарып «жеті шелпек» пысырып тұрса өлі аруақ риза болады деген түсінікті салыстырды. Ә.М. Оразбаевтың ғылыми зерттеулері негізінен қола дәуіріне арналғанымен кейінгі дәуірлердің сабақтастық мәселесін анықтауда Қазақстанның әр өңірлерінде ерте темір және ортағасырлық ескерткіштерге өз зерттеулерін жалғастырды. Ғалым өз зерттеулерінде Шығыс, Орталық және Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі ескерткіштердің мәліметтеріне қарай ерте темір дәуірінің қоғамдық сипаты мен шаруашылығына өз бағасын берді.

Ә.М. Оразбаевтың ғылыми өмірі Қазақстан археологиясының ажырамас бір бөлшегі болып табылады. Ғалым зерттеулерінің нәтижесін, оның көзқарастарын, қорытындыларын талдау, Қазақстан археологиясының негізін қалаушы ғалымдардың бірі ретінде тану тарих ғылымы үшін үлкен қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Ғалымның ғылыми еңбектерін зерттеу барысында еліміздегі археологияның дамуы, қалыптасу кезеңдерінде туындаған сұрақтар мен мәселелерді түсінуге мүмкіндік береді. Бұл сұрақтар жөнінде Қазақстан археологиясының көш басында тұрған бірнеше ғалымдар шоғырының көтерген мәселелері әлі де бар екенін айту керек. Қола және ерте темір дәуірлерін зерттеуші кез келген ғалым Ә.М. Оразбаевтың терең ой тұжырымдарға толы, классикалық еңбектерін қарастырмай кетпейді. Оны қазіргі археология ғылымының даму бағытынан да көруге болады. Өйткені Ә.М. Оразбаевтың уақытында жасаған ғылыми тұжырымдары қайтып айналып жаңаша қырынан қарастырылуда.

1   2   3

Похожие:

Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2007 жылы «19» қыркүйекте таратылды
Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2010 жылы қыркүйекте таратылды
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының...
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2010 жылы қыркүйекте таратылды
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының...
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2010 жылы «27» наурызда таратылды
Республикасындағы көші-қон және оның әлеуметтік-демографиялық дамуға әсері (1991-2009 жылдар)
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2010 жылы «26» шілдеде таратылды
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми...
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2010 жылдың «28» қазан айында таратылды
Нәрестелердің қалыпты микрофлорасының құрылуы мен қалыптасуы кезіндегі колибактериофагтардың маңызы
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2010 жылы «15»
Диссертация 2010 жылы «3» шілде сағат 10. 00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының...
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2010 жылы
Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасында орындалды
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconАвтореферат 2008 жылѓы 20 мамырда таратылды
Ж±мыс Абай атындаѓы Ќазаќ ±лттыќ педагогикалыќ университетініњ теориялыќ жєне ќолданбалы саясаттану кафедрасында орындалѓан
Автореферат 2010 жылы «24» қыркүйекте таратылды iconРеферат 2012 жылы «10» мамырда таратылды
Педагогика жғне психология магистрі академиялық дғрежесін алу ‰шін дайындалѓан диссертацияныњ
Разместите кнопку на своём сайте:
Документы


База данных защищена авторским правом ©kzdocs.docdat.com 2012
обратиться к администрации
Документы
Главная страница