Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы




Скачать 482.37 Kb.
НазваниеБигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы
страница2/4
Д Д Шайбакова
Дата конвертации14.02.2016
Размер482.37 Kb.
ТипДиссертация
источникhttp://old.ablaikhan.kz/upload/news/Bigeldieva.doc
1   2   3   4

Жұмыстың негізгі мазмұны


Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, жұмыстың мақсаты мен міндеттері белгіленді, зерттеудің нысаны мен пәні айқындалды және зерттеудің дереккөздері, ғылыми жаңалығы, әдістері, теориялық маңызы мен практикалық мәні, тақырыптың зерттелу деңгейі мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, жұмыстың талқылануы мен зерттеу нәтижелерінің жарияланымы көрсетілді.

«Зерттеудің теориялық алғышарттары» деп аталатын бірінші тараудың мазмұндық тұтастығы бес тараушадан тұрады. Бұл тарауда антропонимдерге, оның пайда болуы мен қалыптасуына қатысты теориялық тұжырымдар сараланып, түркі ономастикасы мен қазақ және түрік антропонимиясына қатысты еңбектерге шолу жасалған. Бірінші тараудың қысқаша нәтижелері ұсынылған.

1.1 Адам есімдерінің пайда болуы мен қалыптасуы. Антропонимдердің пайда болуы өте ұзақ уақытты талап ететін күрделі процесс. Ол процесс әр халықта, әр ұлтта өзіндік саяси, әлеуметтік және ең бастысы қоғамдық жағдайларға байланысты қалыптасып, дамиды. Антропонимиялық жүйе қоғамның талаптарына сай өзгертіле отырып жетілдіріледі.

Адам есімдерінің қоғам құрылысына байланысты дамып отырғанына көз жеткіземіз. Қоғам дами түскен сайын дамып, қоғам құрылысы күрделене түскен сайын күрделе отырып, қоғам ағымына сай өзгертіледі. Антропонимдер мен антропонимиялық жүйе қоғамның құрылысына, оның дамуына сәйкес өзгеріп, түрленіп қоғамдық талаптарға жауап беріп отырады.

Әрбір халықтың ұлттық антропонимиялық қоры сол халықтың ұлттық тарихына, тіліне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дініне, дүниетанымына және тағы да басқа өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты қалыптасады.

Көп халықтың адам аттары мен лақап аттарының табиғи түрде қалыптасуы жалпы есімдерді лайықтау, бейімдеу арқылы пайда болған.

1.2 Тіл білімі ғылымында антропонимдердің зерттелуі. Қазақ және түрік есімдерінің зерттелу тарихы. Ономастикалық бірліктер ертеден зерттеуші ғалымдардың назарында. Соның ішінде жалқы есімдер ғалымдардың назарын өзіне ертеден-ақ аударып келеді.

Түркі ономастика тақырыбын көптеген ғалымдар еңбегінің өзегі еткен. Соның ішінде атап айтар болсақ, В.В. Радлов, В.В. Бартольд, Э. Бегматов, А.Н. Самойлович, Т.Ж. Жанұзақов, В.У Махпиров., Ф. Сүмер. Түркі халықтарының әйел антропонимиясы Л. Рашони, Т.Ж. Жанұзақов, А. Гафуров, Г. Сапарова, Г.Ф. Благова, Н.Н. Тыдыкова, М.З. Валиева сынды зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

Қазақ тіл білімінің бір саласы болып табылатын ономастика ғылым ретінде кеңестік тіл білімінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін қазіргі қазақ тіл білімінде де кеңінен дами бастады. Осы сала бойынша бірнеше монографиялар жазылып, көптеген ғылыми жұмыстар жарық көрді. Қазақ ономастикасының негізін қалаушы ғалымдар ретінде Т. Жанұзақ, Ә. Әбдрахманов, Е. Қойшыбаев, Ғ. Қоңқашбаев, В.Н. Попова, Қ. Рысберген сияқты ғалымдарды атауға болады.

Түрік антропонимдері тақырыбын Л. Рашони, А. Ерол, С. Сакаұлы, М. Өлмез, Н. Емеджан, Е. Боз сынды ғалымдар өз еңбектерінің өзегі еткен. Аталған еңбектерде жалпы антропонимдер мен олардың негізгі мәселелері орын алған. Әйел антропонимдері жеке өз алдына зерттеу нысаны болмады.

1.3 Әйел антропонимиясының жалпы ономастика ғылымы мен түркі ономастикасында зерттелу жағдайы. Ономастика ғылымында жалпы антропонимдер кеңінен қарастырылып келеді. Антропонимдер синхрония, диахрония тұрғысынан, лексико-семантикалық классификациясы тұрғысынан, этнолигвистикалық сипаты жағынан, лингвомәдени жүйесі тұрғысынан кеңінен қарастырылып олардың этимологиясы анықталып келеді. Осы зерттеулер жалпы антропонимдерге жасалады. Яғни әйел және ер адам есімдері бірге қарастырылады.

Қазақ және түрік тіл білімдерінде антропонимика әр түрлі аспектіде зерттелгенімен әйел есімдері жеке дара жүйелі түрде зерттеле қойған жоқ. Тек антропонимия ғылымының бір саласы ретінде ғана ер адам есімдерімен бірге қарастырылып келеді.

Қол жеткізген материалдарды саралай келе, түрік тілінде есім сөздіктерінің көп болуы мен зерттеу материалының жеткілікті болғанына қарамастан, әйел есімдерінің жеке зерттеу тақырыбы болмағандығы ортаға шықты.

1.4 Тіл біліміндегі гендер мәселесі және антропонимикадағы әйел есімдерінің орны. Соңғы он жылдық ішінде тіл білімінде тілдік құбылыстарды антропоцентристік бағыт тұрғысынан зерттеу салалары қарқынды түрде дамып келеді. Бұл салалардың ішінде ерекше орын алатыны гендерлік зерттеулер болып табылады.

Көне түркі жазба ескерткіштерінен сол кездегі қоғамның саяси, мәдени, әлеуметтік құрылымы мен жағдайынан басқа сол қоғамда өмір сүрген адамдардың антропонимдері жайлы мағлұматтарды ала аламыз. Өкінішке орай мұндай жазбаларда әйел есімдері өте сирек кездеседі.

Бүгінгі антропонимия ғылымында әйел есімдерінің алар орны ерекше. Әйел есімдері де ер адам есімдері сияқты ұлт тілінің, тарихының, мәдениетінің, дінінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының бізге жеткен мол мұрасы.

Түркиядағы гендерлік зерттеулер тарихи-әлеуметтік, мәдени және этнографиялық бағыттарда жүргізіледі. Түркиядағы аты-жөн мәселесіндегі гендерлік теңсіздік әйелдердің қыз кезіндегі өз тегін қолдана алу мәселесі төңірегінде ғана өрбиді.

Қазақ антропонимия ғылымында гендерлік зерттеулер есім беру салты мен есімдерлің лексико-семантикалық жүйесі төңірегінде өрбиді. Біз өз зерттеуімізде лексико-семантикалық жүйедегі әйел есімдерінің уәжділігімен аты-жөн жүйесінің гендерлік аспектілерін қамтыдық.

1.5 Әйел антропонимдерінің әлеуметтік мәні. Жалқы есімдердің дамуы олардың пайда болған қоғамының даму тарихымен, мәдениетімен, қоғамдық санамен тығыз байланысты бола отырып олар өзінің пайда болған қоғамының, кезеңінің жемісі, туындысы болып саналады.

Қазақ және түрік әйел антропонимдері дәуірлерге бөлініп қарастырылады. Қазақ тіліндегі әйел антропонимдерін Т.Ж. Жанұзақов бірнеше дәуірге бөліп қарастырады [3, 27-72 бб.]. Біз де осы жүйеге сүйене отырып әйел антропонимдерінің дамуы мен олардың пайда болуы мен қолданыстан шығып қалу себептерін анықтауға тырыстық.

Бірінші дәуір – көне түркі кезеңі (V-Хғғ.) пұтқа табынуға байланысты жалқы есімдер. Бұл дәуір екі халыққа негізінен ортақ болып келеді. Бұл дәуір үй жануарлары, жабайы аң-құстар, бағалы металдар, өсімдіктер мен астрономиялық атауларға байланысты туындаған антропонимдер беріліп отырған. Мысалы: Айкүн, Айсұлу, Күнсұлу, Айтолды, Айжарық, Күнай, Gün, Ay, Yıldız, Günay, Yıldızay, Günhan, Ayhan, Ayfer, Aytuğ, Aygüzel, Altunhan, Gümüşhan, Kunduz, Ay Kağan, Ay Çiçek, Umay.

Жан-жануарлардың атауларының антропонимге айналуының басты себебі, атаудың сол жануардың қасиеттерінің символы ретінде қабылданатындығы [4, с. 30]. Бұны есім берердегі өзара бөлінушіліктен-ақ байқауға болады. Мысалы, ер балаларға үй жануарлары, жабайы жыртқыш аңдар мен құстардың атауларынан жасалған есімдер, ал қыз балаларға табиғатынан нәзік, дене бітімі келіскен сымбатты жануарлардың, құстардың атауынан жасалған есімдер береді. «Қазақ халқында Арыстан есімін ешқашанда қыз балаға бермейді, қыз балаларға арналған сымбатты, үркек Ақбөкен, Ақтоқты не Ақбота есімдері бар» [5, с. 74].

Екінші дәуір – ортағасырлық кезең (Х-ХVІІ ғғ.). Бұл Х – ХVІІ ғасырлардағы қазақтардың тайпалық одақ болып тұрғандағы, одан кейін халық болып қалыптасу кездеріндегі антропонимдерді қамтиды. Бұл дәуірдегі антропонимдер көбіне туыстық атаулар, тайпа, ру атауларымен, мәдениет пен тұрмыс, әлеуметтік-саяси терминдермен байланысты болып келеді.

Орта ғасырларда шыққан антропонимдердің басым көпшілігі Ислам дінінің ықпалымен жасалған есімдер болды. Арап текті есімдердің ену көздері болып діни шығармалар, жырлар, дастандар, бір сөзбен айтқанда ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті шығармалары болып табылады. Көне түркі антропонимдері қолданыстан араб-парсы тілінен енген және араб-парсы тілінің әсері негізінде пайда болған антропонимдермен бірте-бірте ығыстырыла бастайды.

Орта ғасырлық қазақ антропонимиясының құрамында феодалдық қоғамға тән сословиелік титулдар оның ішінде әйелдерге қатысты ханым, бикем сияқты титулдар қолданылғандығы белгілі. Сондай-ақ, бұл кезеңде ертеден келе жатқан дара тұлғалы сөздерден жасалған есімдерге жаңа сөздер қосу арқылы біріккен тұлғалы есімдерді жасау және кеңінен қолдану өрістеді. Мысалы: Ақжібек, Ақшолпан, Ақкүміс, Айғаным, Ақтолқын, Бибіжамал, Бибісара, Қаншайым.

Үшінші дәуір – ХVІІ – ХІХ ғасырларды қамтиды. Бұл дәуір – негізінен аппелятивтік лексикамен байланысты қалыптасқан жаңа атаулармен ерекшеленеді. Мысалы: Жібек, Баршын, Қамқа, Шекер, Алуа және т.б. Осы үшінші дәуірде әйел есімдерінде айтарлықтай өзгешеліктер болмады. Келесідей әйел есімдерінің енгенін білеміз: Анна, Мариям, Сәтен, Бәтес, Кәмпит, Теңгегүл. Бұл есімдер орыс тіліндегі әйел есімдері мен тұрмыстық зат атауларын қазақ тіліне аудару жолымен жасалған.

Төртінші дәуір – Совет кезеңі. Орыс тілінен жалқы есімдер, әсіресе әйел есімдері төртінші кезеңде яғни, Октябрь революциясынан кейін, Кеңес заманында кеңінен жайыла бастағандығы байқалады. Мысалы: Лиза, Марина, Клавдия, Римма, Рита, Светлана, Тамара, Клара, Мира, Мая, Жеңіс сияқты есімдер көбіне ХХ ғасырдың орта кезінде дүниеге келген балаларға берілген.

Кеңес үкіметінің тұсында сол кездегі қоғамдық ұғымдардан туындаған антропонимдер қолданысқа енеді. Т. Жанұзақов Совет есімінің ХХ ғ. 30 жылдары шыққанын алға тартады. [3, 70 б.]. Съезд, Советия, Советгүл, Совета, Советнұр, Советхан, Кеңес, Кеңесгүл, Кеңесхан есімдерін беру сол кездегі жаңа ұғымдарға байланысты жаңалықтың нышаны болса керек.

Орыс тілі арқылы Жанна, Луиза, Клара, Роза, Дина, Элеонора, Рига, София сияқты интернационалдық есімдер де көптеп енді және кеңінен болмаса да қолданыс тапты.

Түрік антропонимиясының дамуына қатысты нақты, кешенді мағлұмат беретін еңбекті не мақаланы кездестірмедік. Сол себепті қолда бар материалдарды саралай келе түрік антропонмиясының дамуын үш дәуірге бөліп қарастырамыз. Түрік халқының антропонимиясының даму кезеңі қазақ халқының антропонимиясының даму кезеңімен алғашқы дәуірі сәйкес келеді.

Түрік әйел антропонимиясының екінші кезеңі Х-ХХ ғасырлардың аралығын қамтиды. Бұл кезең түркі негізді есімдердің, есім жүйесінің негізінен араб текті есімдермен және есім жүйесімен ығыстырылғанын көре аламыз. Яғни бұл кезеңде түрік халқы араб негізді есімдер мен араб үлгісіндегі есім жүйесін қолданған. Бұл жағдай Осман империясының күйреуіне дейін жалғасты.

Үшінші кезең ХХ-ХХІ ғасырлардың арасын қамтиды. Бұл кезеңде түрік антропонимиялық қоры мен антропонимиялық жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болды. Араб-парсы негізді есімдердің тысында басқа шет тілдерден түрлі есімдер ене бастады. Шет тілдерден енген есімдер түркі негізді есімдердің көп бөлігін қолданыстан ысырып тастады. Сондай-ақ, 1934 жылы Тек Заңына байланысты түрік халқы ресми тек иемдене бастады.

Түрік халқының есім беру салтында қазақ халқының есім беру салтынан бір өзгешелігі бар. Ол екі есім беру салты. Немесе оны «кіндік ат» деп те атайды. Түрік халқында қалыптасқан салттың бірі кіндік ат (göbek ismi) қою. Ең алдымен бала дүниеге келгеннен кейін кіндігін кескен кісі сол сәтте кіндік атын қояды. Кіндік ат ретінде Алланың аттарынан бірі, пайғамбарлардың есімі мен олардың жақындарының атын, қасиетті кітаптарда кездесетін есімдер мен ұлы кісілердің есімдерін беріп отырады. Көп жағдайда кіндік аты ретінде ер балаға Mehmet, қыз балаға Fatma есімдерін береді. Бұл баланың ең бірінші есімі болып есептеледі. Екі есімдерге мысал келтірер болсақ: Fatma Canan, Fatma Meltem, Emine Ecem, İpek Nur, Elif Damla, Melis Seren, Sude Sezen, Ayşenur Kübra.

Қарастырылып отырған екі тілдің антропонимдік қорында сол халықтардың басынан өткерген түрлі саяси, мәдени, әлеуметтік жағдайларының өз өшпес ізін қалдырғанын көруге болады.

«Түрік және қазақ әйел антропонимиясы: типологиялық ұқсастықтар мен ұлттық ерекшеліктер» атты екінші тарау жеті тараушадан тұрады. Олар өз ішінде тағы да бөлінеді. Бұл тарауда көне түркі әйел антропонимдерінің құрамында кездесетін лауазым атауларына талдау жасалды, қазақ және түрік әйел антропонимдерінің лексикалық және семантикалық топтары анықталды. Ресми емес есімдердің жасалу жолдары, аты-жөн жүйесінің қалыптасу ерекшелігі мен ондағы өзгешеліктер қарастырылды. Сондай-ақ, екінші тараудың аяғында осы тараудың негізгі нәтижелері баяндалды.

2.1 Әйел антропонимиялық жүйесінің қалыптасу көздері. 2.1.1 Көне түркі әйел антропонимиясының ерекшеліктері. Жазба ескерткіштер көне заманымыздың тарихы, мәдениеті, діні, тілі, қоғамдық құрылысы мен әлеуметтік жағдайы мен қатар, сол заманның ономастикалық атаулары, антропонимиялық жүйесі жайлы баға жетпес мағлұмат береді. Жазба ескерткіштердегі әйел есімдері көбіне сол кездегі ел басқарған адамдардың аналарының, жұбайларының және қарындастарының аттары. Бұған қоса бірнеше күң есімі де аталып өтеді. Қай жазба ескерткішті алып қарамасақ та, ол жерде әйел есімдері ер адам есімдерімен салыстырғанда анағұрлым аз екені анық көрінеді. Бұны сол кездегі патриархалды қоғамдық құрылыспен қатысты деп түсінуге болады. Қолда бар материалдарды саралай келе көне түркі әйел есімдері көбіне Hatun, Teñrim, Begim (Begüm, Bigim), Ağa лауазымдарымен қолданылатындығы анықталды.

Әйел антропонимиялық жүйесінің қалыптасу көздеріне келер болсақ, әйел антропонимдері асыл тас атауларынан, қымбат метал атауларынан, мата атауларынан, астрономиялық атаулардан, абстрактылы ұғымдарды білдіретін, әдемілікті, көріктілікті білдіретін сөздерден жасалып отырған. Көне түркі антропонимиялық жүйесі екі құрамдас бөлік есім және лауазымнан тұрған. Есім бірінші, лауазым екінші тұрады. Кейде бірнеше лауазымнан құралған антропонимдерді де кездестіруге болады. Лауазым атауларын негізінен текті отбасынан шыққандар мен, жоғары мансапқа ие адамдар иемденген. Бұл лауазым атаулары оны иемденген адамның қоғамдағы орны мен билеуші тапқа қандай дәрежеде жақын екендігінің көрсеткіші болған.

Ерте заманның өзінде түркі халықтары аттарды жынысқа қарай ажыратқан. Әр жынысқа тиісті, сәйкес мағыналы сөздерден жасалған есімдерді беріп отырған. Көне түркі есімдерінің көбісі дерлік лауазыммен жасалған және ер адамдарға бөлек, әйел адамдарға бөлек лауазымдарды қолданған.

2.1.2 Қазақ және түрік тілдеріндегі шет тілдерден енген әйел антропонимдері. Әр тілдің ономастикалық қоры түрлі кезеңдерде, түрлі тілдерде пайда болған тілдік бірліктердің жиынтығын құрайды. Әдетте әрбір тілдің сөздік қоры көне заманнан келе жатқан сөздерді түрлендіру жолымен молайып отырады. Сөздік қордың молаюының тағы бір басты қайнар көзі ол жергілікті халықтың басқа да елдермен (тікелей болмаса да) қарым-қатынаста болуының нәтижесі ретінде сол елдердің тілінен енген сөздер және оларды түрлендіру. Қарастырылып отырған екі тілдің лексикасы сан алуан қат-қабаттан құралған.

Қазіргі қазақ тілі лексикасының құрамы жағынан біркелкі емес. Тіліміз түркі сөздерімен қатар, араб, парсы, орыс және де басқа шет тілдерден енген сөздер арқылы баю үстінде.

Қазақ және түрік тілдеріндегі шет тілдерден енген әйел есімдерінің пайыздық үлесі анықталды. Шет тілдерден енген жалпы есім сөздер мен жалқы есім сөздердің ену кезеңдері мен жолдары қарастырылды. Осылайша екі тілде де шет тілден енген антропонимдердің ішінде ең көбі араб-парсы негізді есімдердің үлесінде екендігі мәлім болды.

Әйел есімдерінің тілдік құрамын анықтар болсақ 19% – парсы негізіді есімдер, 20% – арап негізді, 1% – латын, монғол, француз, грек, күрд, италиян және тағы да басқа тілдерінен енген болса, қалған 60% – түркі негізді есімдер болып табылады.

Қазақ антропонимиясындағы әйел есімдерінің 8% парсы тілінен, 18% жуығы арап тілінен енген, 72% түркі негізді сөздерден жасалған есімдер мен 2% орыс, латын, монғол, француз, грек, тәжік, хинди, көне еврей тілдерінен енген есімдер құрайды.

Араб тілінен енген аттарды екі топқа бөліп қарастырамыз. Біріншісі, діни есімдер, пайғамбарлардың, олардың жарлары мен қыздарының аттары, лақаптары сияқты діни мағыналы есімдер. Екіншісі, қарапайым тұрмыстық сөздерден жасалған есімдер.

Бірінші топтағы есімдерге Айша, Әмина, Фатима, Rukiyye, Sare, Ümmügülsüm, Zehra, Halime, Hafsa, Hacer, Gülsüm сияқты Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) және басқа да пайғамбарлардың әйелдері, қыздары (олардың лақап аттары) мен аналарының аттарын жатқызуға болады.

Екінші топтағы жалпы сөздерден жасалған есімдерге мысал: Айна, Әсем, Махаббат, Шаттық, Жамал, Алуа, Маржан, Меруерт, Гауһар, Бақыт, Ayna, Firuze, İnci, Cevher, Çınar, Lale, Bülbül, Kumru.

Көріп отырғанымыздай қарастырылып отырған екі тілде де басқа шет тілдерден енген антропонимдермен салыстырғанда көбіне араб және парсы тілдерінен енген сөздер пайыздық көрсеткіші жағынан басым келеді.

Түрік тілінде араб-парсы тілінен енген жалқы есімдер саны жағынан қазақ тіліне қарағанда көп. Түрік тіліндегі шет тілдерден енеген жалқы есімдер негізінен еш қосымша алмаған күйінде қолданылатын болса, қазақ тілінде керісінше көбіне түрлі қосымша жалғанған күйінде қолданылады.

Қазақ әйел антропонимдік қоры мұсылман әйел антропонимдерімен қатар, түркі негізді сөздерден жасалған антропонимдерден құралған. Түрік тілінің антропонимдік қоры мұсылман антропонимдік қоры негізінде жасалғандықтан, мұсылман әйел есімдері басым, түркі негізді есімдер өте аз.

2.1.3 Қазақ және түрік халықтарының халық ауыз әдебиеті шығармаларындағы әйел антропонимдері. Қазақ және түрік халқының ауыз әдебиеті шығармаларындағы есімдерді саралай келе әйел антропонимдерінің кейіпкердің жас ерекшелігіне, қоғамдық, әлеуметтік жағдайына байланысты бөлініп қолданылғандығы анықталды.

Екі халықтың ауыз әдебиеті шығармаларының тілдік құрамына келер болсақ, әрине біркелкі емес. Себебі, қандай болмасын халық сан ғасырлық мәдени, саяси, әлеуметтік қарым-қатынастың нәтижесі ретінде өз шығармаларының тысында басқа да халықтардың ауыз әдебиеті туындыларымен танысып оны өз халқы арасында кеңінен таратқан. Қазақ ертегілеріндегі әйел есімдерінің көбі түркі және араб негізді есімдер. Парсы негізді есімдер аз. Түрік халқының ертегілерінде көп жағдайда араб-парсы негізді есімдерді кездестіреміз.

Араб негізді есімдер көбіне қисса дастандарда кездессе, түркі негізді есімдер көбіне ертегі мен батырлар жырында кездеседі. Батырлар жырында көбіне тек қазақ есімдерінің болуы, аталған шығарма түрінің қазақ халқының төл шығармасы болғанына тікелей байланысты болса керек. Қисса дастандар көбіне шет тілдерден, әсіресе араб-парсы тілдерінен енгендіктен мұндай шығармаларда негізінен арап-парсы негізді есімдер қолданылады.

Қазақ және түрік ертегі кейіпкерлерін алар болсақ, түрік ертегілерінде әйел есімдері біршама аз. Көбіне әйел есімдерінің орнына kız (қыз), ortanca kız (ортаншы қыз), kocakarı (кемпір), kadın (әйел), annesi (анасы) сияқты сөздер қолданылады. Қазақ тілінде де мұндай жағдайлар кездескенімен аса көп емес.

Қазақ ертегі кейіпкерлерінің ішінен әйел есімдерін жинақтай келе ең көп қолданылатын есімдер тізімін анықтадық. Олар: Күнекей, Қанікей, Қарашаш, Қарлығаш, Тінікей, Күлше, Гүлбаршын, Маржан. Түрік ертегілеріндегі ең көп кездесетін әйел есімдері Zeynep, Fatma, Nartane, Züleyha.

2.2 Қазақ және түрік әйел есімдерінің лексико-семантикалық жүйесі. Түрік тіліндегі жалқы есімдердің толық әрі жүйелі лексико-семантикалық классификациясын алғаш болып Л. Рашони жасаған. Ғалым еңбегінің маңыздылығы оның есімдерді беру уәжділігіне байланысты жүйелендіруі. Алайда, осы жүйені жасау кезінде ғалым тек кітаптарға негізделген [6, с. 95].

Қазақ есімдерінің лексикалық және семантикалық жүйесін Т. Жанұзақов жасады [7, 23-26 бб.]. Аталған жүйелерге негізделе отырып қазақ және түрік әйел антропонимдерінің семантикалық классификациясын жасадық.

І. Тілек, ниетке байланысты (дезидеративтер):

1) нәрестеге бақыт тілеумен байланысты есімдер: Бақыт (Бахыт), Бақытгүл, Гүлбақыт, Ayşe, Bahtiyar, Mesude, Kamran, Saadet.

2) қыз баланың көркем де көрікті, ажарлы да сұлу болуын тілеумен байланысты қойылатын есімдер: Айсұлу, Күнсұлу, Сұлу, Әсем, Әдемі, Көркем, Ажар, Melâhat, Meliha, Naime, Nermin, Hasene, Özgen, Afife, Esma.

3) сәби мәдениетті, сыпайы, мінезі жақсы болсын деген тілекпен қойылатын есімдер: Жібек, Мақпал, Барқыт, İffet, Nazmiye, Kibar, Nezaket.

4) бала ақылды болсын деген тілекпен қойылатын есімдер: Ақыл, Ақылғайша, Әлима, Дана, Парасат, Alime, Bilge, Fehmiye, Fatine, Derya.

5) қыз балаға молшылық, баршылық ішінде өмір сүрсін деген тілекпен Береке, Несібелі, Ganiyye, Gülhayat, İhtişam есімдері беріліп отырады.

6) ата-ананың өздеріне тілек-ниетін білдіретін есімдер. Баланы зарығып жүріп тапқан немесе баласы тұрмай, шетіней берген ата-ана баласына Есенгүл, Тұрсынай, Dursun, Yaşar, Durhanım, Ömür, Satılmış, Hayat сияқты есімдерді берсе, балаға зәру ата-ана İstek, Dilek, Арман, Сағыныш, Аңсар, Аңсаргүл, Аңсағаным сияқты есімдерді береді. Егер отбасында ылғи қыз туылатын болса, онда соңғы туылған қыз балаға келесі бала ұл болсын деген үмітпен келесідей есімдер беріледі: Ұлболсын, Ұлжан, Ұлтай, Ұлбала, Жаңыл, Тойдық, Дәметкен, Қызтумас, Döne, Döndü, Gülyeter, Nokta, Kızsonu, Kızyeter (Gızyeter), Songül. Аталған ырыммен байланысты түрік халқында қыз балаға ер бала есімін беру салты бар. Осылайша келесі бала қыз емес ұл болады деген ырым қалыптасқан. Мысалы: Oğulhan, Umithan, Saadet, Kudret, Fikret, Emre [8, s. 125].

ІІ. Нәрестенің сипатына қарай (дескриптивтер) берілетін есімдерге келесідей факторлар әсер етеді:

1) баланың физиологиялық ерекшеліктері, денесіндегі қалы, тәнінің түсі және бет-әлпеті: Ақмеңтай, Ботакөз, Айторы, Karakaş, Gülben, Tonbul;

2) отбасында нешінші бала екендігі: Кенжебибі, Кенжехан, Ақкенже, Rabia, İlkin, Songül;

3) нәрестенің туылуымен байланысты жағдайлар (күні, айы, жыл мезгілі, жері, ауа райына не сол кездегі ірілі-ұсақты оқиғаға байланысты): Ақнаурыз, Құрбанкүл, Жұмабике, Жұмагүл, Айтгүл, Таңат, Arife, Tandan, Deniz;

4) бала дүниеге келген кездегі ата-ананың сезімі: Шаттық, Қуаныш, Сағыныш, Бақыт, Sinem, Şadıman, Ümran, Feriha;

ІІІ. Басқа біреудің атынан алынған (меморативтер) антропонимдерге келесідей себептермен берілетін есімдерді жатқыза аламыз:

1) тарихта болған атақты адамдар, әдеби шығармалардың кейіпкерлері: Айғаным, Томирис, Belkıs, Aslı;

2) өмірден озған ата-баба мен жақын туыстар. Түрік халқында отбасында дүниеден озған бірінің есімін жалғастыру үшін жаңа туған сәбиге сол есімді беру салты бар [9, s. 279]. Әсіресе, осы салт бойынша бірінші туылған балаға әкесінің не шешесінің есімі беріледі. Дүниеден қайтқан кісілердің есімін беру сол есімнің қасиетті күшіне сенумен тікелей байланысты бола отырып, сол есімді жалғастыру мақсатымен беріледі [10, ss. 172-175].

ІV. Мәдени-тарихи себептермен берілетін есімдерге келесілер жатады:

1. Діни мағыналы есімдер.

1) Пұтқа табынушылықпен байланысты туындаған антропонимдер: Айкүн, Айсұлу, Күнай, Күнсұлу, Ayçulpan, Aybirdi, Günay, Gökçiçek, Yıldızay;

2) тотемге байланысты есімдер: Asena;

3) Ислам дініне байланысты есімдер: Айша, Фатима, Әмина, Latife, Zeynep, Lübeyne, Emine, Fatma, Ümmügülsüm, Ayşe, Hatice;

4) Табумен байланысты есімдер: Еркежан, Ақерке, Әппаққыз, Еркетай.

Әйел есімдері екі тілде де негізінен әйел табиғатына тән сұлулықты, пәктікті, нәзіктікті, білдіретін заттардың атауларына байланысты қалыптасып отырады. Қазақ және түрік әйел антропонимдерінің лексикалық жүйесінен гендерлік айқын айырымды көре аламыз. Балаға жануарлардың, құстардың атауынан жасалған есім берерде жыртқыштардың атауынан жасалған Арыстан, Жолбарыс, Бүркіт, Сұңқар, Қаршыға, Лашын, Aslan, Kartal, Şahin, Atmaca сияқты есімдерді ер балаларға, ал қыз балаларға табиғатынан нәзік, әдемі, пішіні келіскен жануарлардың атауынан жасалған Марал, Құралай, Аққу, Қарлығаш, Kumru, Ahu, Ceylan сияқты есімдерді беріп отырған.

Әшекей жасауда қолданылатын металдар мен асылтас атауларынан жасалған есімдер әрдайым қыз балаға беріліп отырған. Мысалы: Алтын, Меруерт, Гауһар, Gümüş, Altun, Zümrüt, İnci, Yeşim. Мықтылықты, қаттылықты білдіретін метал атауларынан жасалған есімдер тек ер балаларға беріліп отырған. Мысалы: Алмас, Болат, Құрыш, Polat, Çelik, Demir.

Түрлі өсімдік атауларына байланысты туындаған Анар, Шынар, Қарақат, Райхан, Yasemin, Fidan, Filiz есімдері көбіне әйел есімдері ретінде ғана қолданылады. Сол сияқты мата атауларына байланысты шыққан Жібек, Мақпал, Шұға, Торғын, İpek есімдері тек қыз балаға ғана беріледі.

1. Үй жануарларына байланысты атаулардан туындаған әйел есімдері:

а) Түйе малына байланысты әйел есімдері: Бота, Ботакөз, Ақбота;

ә) Қой-ешкіге байланысты есімдер: Ақтоқты, Аққозы;

2. Жабайы жануарлардың атауларына байланысты туындаған есімдер: Кәмшат, Құлан, Құндыз, Құралай, Ақмарал, Kumru, Burçin, Ceylan.

3. Қыран (жыртқыш) және басқа құстардың атауларына байланысты: Аққу, Бағлан, Бұлбұл, Қарлығаш, Сандуғаш, Alçin, Aksuna, Bağlan, Kumru.

4. Өсімдіктер, гүл атауларынан жасалған есімдер: Гүлнұр, Райхан, Akgül, Çiğdem, Gülbahar, Lale, Menekşe, Nilüfar, Reyhan, Yasemin.

5. Жеміс-жидек атауларына байланысты: Алма, Анар, Қарақат, Çağla.

6. Асыл тастардың атауларына байланысты: Гауһар, Маржан, Меруерт, İnci, İncigül, Yakut, Yeşim, Zümrüt, Firuze.

7. Қымбат металдардың атауларына байланысты: Айкүміс, Ақкүміс, Алтын, Алтынай, Altın (Altun), Akaltın, Elmas, Gümüş.

8. Маталардың атауына байланысты: Айбарша, Барқыт, Бәтес, Жібек, Қамқа, Мақпал, Торғын, Сәтен, Шұға, Barçın, İpek, Kadife, Sırma, Tafta.

9. Зергерлік бұйымдардың атауларына байланысты: Ақмоншақ, Алқа, Айсырға, Моншақ, Сақина, Сырғажан, Шолпы, Moncuk (Boncuk), Sırga.

10. Астрономиялық атауларға байланысты: Венера, Айшолпан, Жұлдыз, Күнсұлу, Толғанай, Зәуре, Ayyıldız, İlkay, Kamer, Nahide, Necmiye, Yıldız, Zühre.

11. Абстрактылы ұғымдарды білдіретін сөздер: Махаббат, Шаттық, Қуаныш, Ләззәт, Сағым, Құмар, Arzu, Duygu, Neşe, Özlem, Sevgi, Sevinç, İstek.

12. Географиялық атауларға байланысты: Мадина, София, Рига, Medine, Asya, Şirvan.

13. Өзен, көл, теңізге байланысты: Дария, Akartuna, Dalga, Derya, Dicle.

14. Тағам атауларына байланысты: Ақтоқаш, Қант, Мейіз, Шербет, Қарамейіз, Науат, Шекер, Шайым, Қарта, Balca, Baldan, Çağla, Lezize.

15. Туыстық атауларға байланысты: Ақене, Аруана, Ağgelin.

16. Сан есімнен жасалған антропонимдер: Бірғаным, Бірсұлу, Қосаяқ, Saniye, Rabiya, Salise. Арап тілінен енген антропонимдер: Сания, Рабиға.

Лексикалық жүйеден байқағанымыз қазақ тілінде жабайы жануарлардың атауларынан туындаған антропонимдер тысында үй жануарларының атауларынан туындаған әйел антропонимдері бар және кеңінен қолданылатын болса, түрік тілінде көбіне жабайы жануарлардың атауларына байланысты жасалған антропонимдер қолданылады. Қазақ тілінде бағыттарға қатысты әйел есімі жоқ болса, түрік тілінде зергерлік атауларына байланысты туындаған есімдер аз. Тілімізде мата атауларынан туындаған әйел есімдері көп кездесетін болса, түрік тілінде мұндай есімдердің саны шектеулі. Түрік тілінде өсімдік атауларына байланысты есімдер көп те, қазақ тіліндегідей жеміс-жидек атауларына байланысты жасалған есімдер өте аз.

Түрік тілінде музыкалық терминдермен байланысты және музыкаға қатысты сөздерден жасалған антропонимдер мен табиғат құбылыстарына байланысты антропонимдер көп болса, тілімізде мұндай антропонимдер жоқ. Түрік тілінде тағам атауларымен қатысты антропонимдерінің жоқ. Жалпы жеміс-жидек атауларынан туындаған түрік әйел есімдерінің қазақ әйел есімдерімен салыстырғанда әлдеқайда аздығы түрік халқының есім беруіндегі тағы бір өзіндік ерекшелік белгісі болар.

Екі тілдің әйел антропонимдерінің лексикалық жүйесін жасай отырып байқағанымыз киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына байланысты антропонимдерді екі тілде де кездестірмедік.

2.3 Қазақ және түрік әйел есімдерінің құрылысы және құрамындағы формальді көрсеткіштер. Қазіргі қазақ есімдері мен түрік тіліндегі есімдер саны жағынан өте көп болуымен қатар құрамы мен құрылысы жағынан да әр алуан. Қарастырылып отырған екі тілде де есім жасағыш сөздер мен олардың түрлі қосымшалары бар. Қазақ тіліндегі антропонимдердің құрамында кездесетін есім қосымшалар келесілер: ай, ақ, ару, бай, бек, бала, бике, бибі, бөпе, гүл, ғали, дана, ерке, жамал, жан, күн, қазы, қожа, қыз, құл, мырза, мұрат, нұр, сара, сары, сұлу, тай, хан, ханым, шаш. Бұлардың ішінен ару, бике, бибі, гүл, жамал, қыз, сұлу, ханым, шаш сөздері тек әйел есімдерінің құрамында ғана кездеседі де, әйел есімдерінің көрсеткіші болып табылады.

Түрік антропонимдерінің құрамында кездесетін есім қосымшалар ali, alp, ak, ау, bay, bey, bike, can, çiçek, er, gül, gün, han, hanım, hatun, begüm, banu, hayat, kız, naz, nur, sen, soy, su, şen, şah, taş. Бұлардың ішінен тек әйел есімдерінде қолданылатындары мыналар: bike, çiçek, kız, hanım, hatun, begüm, banu, hayat, naz. Бұған қоса ер және әйел есімдерінде бірдей кездесетін ортақ есім қосымшалар қатарына: ай, ақ, бала, ерке, жан, зада, күн, нұр, тай, хан, ak, ау, can, gül, gün, han, nur, sen, su, şen қосымшаларын жатқыза аламыз. Бұл қосымшалардың екі жынысқа да ортақ қолданылуының басты себебі мағынасының ортақтығында.

Уақыт өте келе, заман өзгере келе бұл сөздер ескі мағыналарын жоғалтып тек есім ішіндегі бір компонент ретінде ғана қалады. Себебі, қазір заман басқа, қоғамдық құрылыс та, лауазым атаулары да басқа. Әр қоғамдық құрылыстың, әр заманның өзінің қолданған лауазым атаулары мен соған байланысты туындаған антропонимдері бар. Заман мен қоғамдық жүйе өзгерген сайын, сол қоғамның тілінде де аса ірі болмаса да өзгерістер болып отырады.

2.4 Етістік тұлғалы антропонимдер. Тілдегі антропонимдер сол тілдің сөздік қорына жатады. Олай болса, антропонимдер сол сөздік қордағы сөздерден жасалады деген сөз. Негізінен түбір тұлғалы есімдер зат есім тұлғалы болып келеді. Басқа сөз таптарынан (сын есім, сан есім, етістік, үстеу) жасалған есімдер де бар. Бірақ та қазақ тіліндегі есімдер де, түрік тіліндегі есімдер де тұлғасы жағынан, негізінен, зат есімге тән келеді.

Етістік тұлғалы есімдердің өте ерте заманнан бері әрі кеңінен қолданылып келе жатқаны анық. Етістіктен жасалған ер адам есімдерімен қатар әйел есімдері де молынан кездеседі. Қарастырылып отырған екі тілде де етістіктен жасалған ер адам есімдері әйел есімдерінен саны жағынан басым келеді.

Қазақ тіліндегі етістік тұлғалы есімдердің 82 % ер адам есімдері құрайтын болса, 18 % әйел есімдері құрайды. Түрік тіліндегі етістік тұлғалы есімдер тіліміздегі етістік тұлғалы есімдермен салыстырғанда біршама аз. Олардағы ер адам және әйел етістік тұлғалы есімдерінің пайыздық арақатынасы ер адам есімдері – 52 %, әйел есімдері – 48 %. Етістіктен жасалған антропонимдер негізінен белгілі бір ырыммен салт-дәстүрге байланысты болып келеді.

2.5 Әйел антропонимдерінің қолданылу ерекшеліктері. 2.5.1 Есімдердің варианттылығы. Тілдегі варианттылық лексикалық единицалардың мағыналық дәлдігін сақтай отырып әр түрлі құбылыстардың ықпалымен өзінің қалыпты тұлғасынан басқа бірнеше дыбыстық вариантта айтылуы мүмкін. Қазақ және түрік тілдерінде варианттардың фонетикалық, лексикалық, семантикалық, морфологиялық, синтаксистік, орфографиялық және орфоэпиялық түрлері бар. Ана тілдегі сөздерден жасалған есімдер әдетте тұрақты болып келеді де көп өзгеріске түспейді, дыбыстық құрамы бұзылмайды. Сол себепті де көп вариантты болмайды. Өзге тілден енген есімдердің сол енген тілінің икеміне бейімделуі заңды құбылыс. Шет тілдерден енген есімдер дыбыстық өзгеріске жиі ұшырап түрлі вариантта айтылады және заңды құжаттарда қолданылады. Шет тілдерден еніп бейімделген есімдер семантикалық, морфологиялық және көп жағдайда фонетикалық өзгеріске ұшырап отырады.

Қазақ және түрік тілдерінің фонетикалық жүйесіне тән ерекшеліктің бірі – буын үндестігінің құбылмалы есімдердің қалыптасуына тигізген әсері. Мысалы: Камшат/Кәмшат, Мадина/Мәдина/Мәдине, Разия/Рәзия, Ayçe/Ayça, Müslime/Müslüme, Rüveyda/Rüveyde, Tülin/Tülün, Zülfüzar/Zülfіzar.

Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың алмасуынан түзілген варианттар қ/ғ, к/г, м/п, ш/с, с/з, х/қ, һ/х, п/ф дауыссыздарының алмасуы арқылы жасалады. Мысалы: Айнахан/Айнақан, Әсила/Әзила, Әйкерім/Әйгерім, Күлбаһрам/Күлбахрам, Қапиза/Ғафиза, Қорлан/Хорлан, Ләтифа/Ләтипа, Бәкизат/Пәкизат, Шекер/Секер. Бұл варианттар сөйлеу ерекшелігіне байланысты не болмаса қате жазу нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Түрік тіліндегі дауыссыз дыбыстардың алмасуынан түзілген варианттар көбіне v/b, k/g, s/z, k/ğ, d/t, m/n, c/ç дауыссыздарының алмасуы арқылы жасалады. Мысалы: Ağgül/Akgül, Edis/Ediz, Elkin/Elgin, Elçin/Elçim, Ertem/Erdem, Gencay/Gençay, Selbi/Selvi, Tokay/Togay.

Орфографиядық құбылған есім түрлеріне мыналар жатады:

а) Бір әріптің орнына басқасын таңбалау жолымен жасалған есімдер: Ақлима/Ахлима/Ақылима, Қадиша/Хадиша, Қайни/Ғайни/Қайный, Қаныкей/Қаникей/Қанікей, Ләззат/Ләззәт/Ляззат, Мунира/Мінира/Мінайра, Хайрия/Қайрия, Ханифа/Ханипа, Хафиза/Ғафиза/Қапиза, Бұл мысалдардың соңғы сыңарлары әдеби тілдің нормасына сәйкес келмейді. Бұған қарамастан әдеби дұрыс нормасымен жарыса қолданылуда.

ә) Қысаң ы, і мен ұ, ү дауыстыларының түсіп қалуынан жасалған варианттар: Сыламжан/Сламжан, Тілектес/Тлектес, Ұрымбике/Рымбике, Ырысбала/Рысбала, Ібіния/Ібния. Бұлардың алдыңғылары жазу нормасына қатысты болса, соңғысы сөйлеу нормасына қатысты құбылмалы есімдер.

б) Алдыңғы түбір дауысты дыбысқа, ұяң не үнді дыбыстарына аяқталғанда, келесі түбірдің бірінші дыбыстары ұяңданып, ғ, г әріптерімен жазылады. Мысалы: Айқыз/Айғыз, Әйкерім/Әйгерім, Нұрқиса/Нұрғиса.

Түрік тіліндегі бір әріптің орнына басқасын таңбалау жолымен жасалған орфографиялық құбылған есімдерге келесідей мысал келтіре аламыз: Ağça/Ağca/Akça, Etiz/Ediz, Selbi/Selvi/Servi, Tulunay/Dolunay/Tolunay.

Орфоэпиялық тұрғыда құбылған есімдерге мысал: Әлфия/Әлпия/Альфия, Гүлжан/Күлжан, Салиқа/Салиға/Салиха/Сәлиха, Açalya/Açelyа/Azelya.

Түрік тіліндегі морфологиялық варианттар негізінен келесідей қосымшалардың жалғануы арқылы жасалады: ak, ау, bike (büke), can, çiçek, gül, gün, kız, -lı, (-li, lu, -lü) han, -m (-ım, im), naz, nur, sen, su, şen. Ал қазақ тіліндегі есімдердің варианттары болса ай, ақ, бала, бике, бибі, бөпе, гүл, ғайша, жан, зада, күн, қыз, сара, шаш, -лы, -лі, нұр, сұлу, тай, -ым (-ім, -м), хан, ханым қосымшаларының жалғануы арқылы жасалады.

Екі тілдегі әйел антропонимдерінің лексикалық вариант қатары негізінен шет тілден енген сөздердің ана тілдің сөздеріне лексикалық вариант болуынан молайып отырады. Олар өзара жарысып қолданылады. Бұл варианттардың ішінен ең көп кездесетіні морфологиялық варианттар болса, ең сирек кездесетіні лексикалық варианттар.

2.6 Қазақ және түрік тілдеріндегі ресми емес есімдер. Өмірде адамдардың ресми құжатта жазылған есімдерімен бірге сол адамның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, істейтін кәсібіне, сыртқы келбетіне байланысты жалған атаумен ат қою көптеген халықта бар екендігі белгілі. Олар адамдар арасындағы өзара қарым – қатынастарға байланысты өзгеріп, әр алуан морфологиялық тұлғалармен түрленіп, сұхбаттасушы субъектілердің бір-біріне деген ішкі сезімін, ізет – құрметін, дәстүрлі әдептілік пенен жол – жоралғыны таныту үшін жұмсалатын есім түрі болып табылады.

Қазақ есімдерін орыс тіліндегі қысқартылған есімдердің мәнеріне сай ауыстыру бар. Олар дыбысталу жағынан біршама ұқсас орыс есімдерін қазақ есімдерінің орнына қолдану. Мысалы: Әсия – Ася, Ғалия – Галя, Зәуре – Зоя.

Қазақ есімдеріне орыс тілінің еркелету, кішірейту мағынасын үстейтін аффикстерін жалғау жолымен ресми емес есімдер жасалады (Анеля, Жанарочка, Назгүл – Назик, Жансая – Жанёк, Әлия – Алиюша, Шынар – Чинуся).

Қазақ тіліндегі ресми емес есімдердің жасалу жолдары:

1. Екі компонентті ресми есімнің бір компонентін ресми емес есім ретінде қолдану: Ақбота, Ботагөз – Бота; Гүлжамал, Сақыпжамал – Жамал.

2. -жан: Банужан, Динажан, Жанаржан.

3. -қан, -кен: Бота – Ботақан, Жұмабике – Жұмақан, Зейнеп – Зекен.

4. -най: Әйгерім – Әкөнай, Еңлік – Екөнай, Маржан – Мәкөнай.

5. -тай, -ай, -й: Алмагүл – Алматай, Күлімхан – Күлтай.

6. -ш: Айғаным – Айкош, Айнагүл – Айнаш, Мейрамгүл – Мираш, Мирош.

7. -м, -ым: Назерке – Назым, Райгүл – Райым, Санагүл – Сәнім.

8. –шүк: Мәнсия – Мәншүк.

9. -еке, -ақа, -а, -е қосымшалары қазақ халқының дәстүрінде жасы үлкен кісілерге сыйластықты, құрмет тұтуды білдіруде есімдерге жалғанады. Мұндай есім түрі әйел адам мен ер адамға ортақ келеді. Мысалы: Садуақас – Сәке (ер.), Сәния – (Сәке) (әйел), Нұрақын – Нұреке (ер), Нүрия – Нұреке (әйел).

Түрік тіліндегі ресми емес есімдер де қазақ тіліндегі сияқты есімді қысқарту және қосымша жұрнақ жалғау арқылы жасалады.

  1. Қысқартылу жолымен жасалған ресми емес есімдер: Emine – Mine, Nezahat – Nez, Raziye – Iraz.

2. Жұрнақ жалғау арқылы жасалған ресми емес есімдер: Emine – Emiş, Emoş, Neslihat – Nesli, Nesliş, Neslo, Fatima – Fadık, Fadime, Fadış, Fatoş.

Қазақ тіліндегі кішірейту, еркелету жолымен жасалған ресми емес есімдердің ресми құжаттарда көптеп кездесетіндігі, бүгінде олардың көптігі алаңдатады. Қазақ тіліндегі кейбір ресми емес есімдердің қолданылу аясының өзгеріп ресми есім ретінде қолданылатындығын көптеп көруге болады. Түрік тіліндегі ресми емес есімдер заңды құжаттарға енбей өз қолданылу аясын сақтап қалады. Қазақ тіліндегі әйел антропонимдерінің ресми емес түрлері қазақ тілі мен орыс тілінің еркелету, кішірейту мағынасын үстейтін түрлі жалғауларын жалғау арқылы жасалатын болса, түрік тіліндегі ресми емес әйел антропонимдері көбіне есімді қысқарту жолымен және аз ғана жалғау түрлерін жалғау жолымен жасалады.

2.7 Қазақ және түрік әйел антропонимдерінің заңдық және практикалық аспектілері. Қазақ антропонимдік жүйесі қоғам талабына сәйкес өз қалыптасу даму жолында түрлі өзгерістерді басынан өткерді. Түрік тектері 1934 жылы Тек Заңы қабылданғалы бері күрделі өзгеріске ұшырамады. Түрік халқында Тек Заңы қабылданғанға дейін ер адам да, әйел адам да, бала да лақап ат қолданылған болса, қазақ халқында о бастан әке атын, ру атын қолдану бар болған. Орыс үлгісіндегі тек жүйесі енбестен бұрын қазақ халқы екілік жүйені қолданған.

Түрік азаматының аты жөні аты мен тегінен тұрады. Қазіргі қолданылып жүрген тектер ХХ ғ. басынан ғана қолданылып келеді. Түрік халқының Тек Заңы 1934 ж. 21 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес азаматтардың көбісі өз әке не атасының атын тек ретінде алудың орнына лақап атын алған. Мұндай құбылысты қазіргі тектерден көруге болады. Мысалы: Terzioğlu, Yoğurtçuoğlu, Bekçioğlu, Avcıoğlu, Demircioğlu, Nalbantoğlu және т.б. осылайша қазіргі тектердің көбінің өз ата-бабасының атымен еш қатысы жоқ.

Қазақ тіліндегі тектер жалқы есімдерден жасалатын болса, түрік тіліндегі тектер жалпы есім сөздерден жасалған және түрік тіліндегі тектер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жалғасын тауып отырғанымен, атаның аты немереге тек ретінде берілмейді. Байырғы тек өзгерместен өз қалпында қалып отырады. Ал қазақ тіліндегі тектер үнемі жаңаланып отырады. Қазақ баласына атасының атын тек ретінде беріп отырады да ұрпақтан-ұрпаққа тек ауысып отырады. Тағы бір айта кететін жәйт, ол түріктердің тектерінің атадан балаға ауыспайтындығы. Бізде немере атасының атын тек етіп алатын болса, оларда о баста берілген немесе алынған тек осы күнге дейін қазіргі ұрпақ тарапынан қолданылуда.

Қазақ аты жөн жүйесі жынысқа қарай бөлінеді. Ер адамдар мен әйел адамдардың аты-жөніне тиісті қосымшалар (текке жалғау жалғанбайды, әке атына ұлы, қызы сөздері) жалғана отырып жасалатын болса, түрік тілінде бір ғана үлгідегі аты-жөн жүйесі қолданылады. Түрік тілінде тек жынысқа бөлінбей, әйел адам тегіне де ер адам тегіне де oğlu (ұлы) сөзі жалғанып жасалады. Қазақ аты-жөн жүйесі өзінің көп түрлілігімен ерекшеленеді де (тек+аты+әке аты, тек+аты, аты+әке аты немесе әке аты+аты үлгісілері), түрік тіліндегі аты-жөн жүйесі (аты+тек үлгісі) нақты қалыптасқан бір ғана үлгіге сәйкес жасалады. Қазақ антропонимиялық жүйесі үштік жүйе болса, түрік антропонимиялық жүйесі екілік жүйені құрайды. Аты+тек үлгісімен жасалады. Кейбір тектер қазақ тіліндегідей жалаң түрінде жасалса, енді біреулері oğlu сөзінің жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: Fidan Türkmen, Nedime Uğraş, Şükran Eroğlu.
1   2   3   4

Похожие:

Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚазақстан жеріндегі ортағасырлық мемлекеттер
Түріктік этно- және глоттогенездік (этнос пен тілдің қалыптасқан жері) ежелгі ошақтары. «Түрік» этнонимі. Ашина түркілері-«Түрік...
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚазақстан жеріндегі ортағасырлық мемлекеттер
Түріктік этно- және глоттогенездік (этнос пен тілдің қалыптасқан жері) ежелгі ошақтары. «Түрік» этнонимі. Ашина түркілері-«Түрік...
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Түрік қағанатының негізгі құрамы түрік тілдес халықтар болды. Олардың ішіндегі басым көпшілігіқай тайпа боды?
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚожа Ахмет Иасауи және Түркістан
Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын атап өту жөнінде арнайы шешім қабылдады. Бұл мәні зор оқиға тек қазақ елінің ғана емес, бір...
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университиеті Тарих – педагогика факультеті Дене шынықтыру және спорт кафедрасы Мамандықтың пәндер каталогы
Спортшылардың және дене шынықтырумен шұғылданушылардың функционалды дайындығын басқарудың физиологиялық негіздері
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университиеті Филология факультеті
Мақсаты мен міндеттері: Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының даму үрдісі мен жаңа бағыттарын өткен ғасырдың 20,30,40,50,60 жылдардағы...
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚазақстан Республикасының Үкіметі Әзірбайжан Республикасының Үкіметі, Грузия және Түрік Республикасының Үкіметі мен арасындағы Қытай Халық Республикасы
Грузия және Түрік Республикасының Үкіметі мен арасындағы Қытай Халық Республикасы мемлекеттік шекарасы – Қазақстан Республикасы (Каспий...
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университиеті Жаратылыстану факультеті Физика кафедрасы Мамандықтың пәндер каталогы
Мақсаты: Ағылшын тілін оқыту мақсаты – студенттердің коммуникативті және кәсіптік біліктілігін қалыптастыру
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconҚазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
Мәдениеттегі «гендер» және «мәдениет» ұғымдарды түсінуі, гендерлік жүйе және оның дамуы кезеңдерді қарастыру, феминизм теориясы,...
Бигельдиева молдир махаббатовна қазақ және түрік әйел антропонимиясы iconСтуденттерге арналған жол көрсеткіш
Сізді Түркі әлемінің және Қазақстан мемлекетінің ішінде ең алғашқы Халықаралық мәртебесіне ие болған жоғары оқу орны – Халықаралық...
Разместите кнопку на своём сайте:
Документы


База данных защищена авторским правом ©kzdocs.docdat.com 2012
обратиться к администрации
Документы
Главная страница