Білім берудi ақпараттандыру Ақпараттандыру блогын iске асырудың негізгі бағыттары: АКТ-ны оқу процесiне енгізу жөнiндегі нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру; компьютер техникасымен қамтамасыз етiлудiң әлемдiк көрсеткiштерiне (1 компьютерге келетiн оқушылардың саны - 10-15) қол жеткiзу үшiн орта бiлiм беру ұйымдарын одан әрi компьютерлендiру; орта бiлiм беру ұйымдарын Интернет желiсiне қосу; бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде қашықтан оқыту технологияларын әзiрлеу және енгiзу; өңiрлерде бiлiм беру ақпараттық ресурстар орталықтарын және министрлiктiң бiлiм беру порталын құру; орта бiлiм беру ұйымдарын білім беретін оқу бағдарламаларына сәйкес электрондық оқу басылымдарымен қамтамасыз ету; мемлекеттік органдардың бiрыңғай көлiк ортасы негiзiнде порталды және өңiрлердiң ресурстар орталықтарын бiрiктiру; бiлiм беру ұйымдарының мониторинг, талдау және басқару ақпараттық жүйесiн енгізу. Аталған бағыттарды iске асыру оқу процесiне ақпараттық коммуникациялық технологияларды енгізу және бiлiм беру жай-күйiнiң мониторингі мен оны талдаудың дәйектi деректерi негізiнде басқарушылық шешiмдер қабылдау есебiнен бiлiм беру сапасының деңгейiн арттыруды қамтамасыз етедi. ҚР Президентінің 2007.16.11. № 443 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2008.25.06. № 622 Жарлығымен (бұр.ред.қара) бөлім өзгертілді Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесi Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiнiң мiндеттерiн (бұдан әрi - БСБҰЖ) iске асыру үшiн: бiлiм беру сапасын институционалдық бағалау оның барлық деңгейлерi бойынша жүзеге асырылады; бiлiм беру сапасын, білім алушылардың оқудағы жетiстіктерiн iшкi және сыртқы бағалау рәсiмдерi енгізiледi; бiлiм беру индикаторларының жүйесi әзiрленедi; білім алушылардың оқудағы жетiстіктерiнiң деңгейiн анықтайтын стандартталған бағалау құралдары мен аспаптары жетiлдiрiледi; бiлiм беру сапасын бағалауды жүзеге асыратын инфрақұрылым құрылады; бiлiм беру ұйымдарының басшы лауазымдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптары көтерiледi. Білім беруді ұйымдастыруды сырттай бағалау үшін барлық типтегі және түрдегі білім беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттік аттестаттау, аккредиттеу, ұлттық бірыңғай тестілеу, мемлекеттік аралық бақылау, сондай-ақ саралау мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдарда білім алушыларға біліктілік беру рәсімдері көзделеді. Iшкi бағалау өзiн-өзi бағалау (өзiн-өзi аттестаттау), сапа менеджменті, үлгерiмдi ағымдағы бақылау, бiлiм беру ұйымдарында жүзеге асырылатын, білім алушылардың оқудағы жетістiктерiн бағалау нысанында көзделедi. Білім алушыларды орталықтандырылған тестiлеу бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнiң мемлекеттік жалпыға мiндеттi стандарттарына сәйкес әзiрленетiн стандартталған тапсырмалардың базасында өткiзiлетiн болады. Білім алушылардың білім жетістіктерін аралық мемлекеттік бақылау нысанында мемлекеттік бақылау бастауыш білімді (4-сынып), негізгі орта білімді (10-сынып) аяқтаған кезде, жоғары оқу орындарының екінші курсынан (медициналық мамандықтар үшін үшінші курстан) кейін жүргізіледі. БСБҰЖ-ның жұмыс iстеуiне тиiстi инфрақұрылым қолдау көрсететiн болады. Бiлiм беру мен тестiлеудiң мемлекеттiк стандарттары ұлттық орталығы (БТМСҰО) білім алушылардың оқудағы жетiстіктерiн барлық бiлiм беру деңгейлерi мен сатыларында орталықтандырылған тестілеу нысанында сыртқы бағалауды жүргiзедi, әдiснамалық, технологиялық, техникалық сүйемелдеудi қамтамасыз етедi, мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм бұру стандарттарын және бағдарламаларды әзiрлеудi ұйымдастырады, бiлiм беру стандарттарының мазмұнын әзiрлеу үшiн ғылыми, әдiснамалық және әдiстемелiк база құрады. Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық орталығы (БСБҰО) бiлiм беру жүйесi жай-күйiнiң мониторингін жүзеге асырады, Қазақстан Республикасында бiлiм беру саласын дамыту стратегиясын әзiрлеуге қатысады, сапаны талдауды және бағалауды жүзеге асыру үшiн статистикалық дерекқор жасайды, ақпараттық ресурстарды бiлiм беру саласының бiрыңғай мониторингі жүйесiне бiрiктiредi және Қазақстан Республикасында бiлiм берудiң жай-күйi туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындайды. Ұлттық аккредиттеу орталығы (ҰАО) институционалдық және мамандандырылған аккредиттеудi жүргізедi, сапаны бағалауды Болон процесiнiң шарттарымен үйлестіру үшін аккредиттеудiң келiсiлген өлшемдерi мен рәсiмдерiн әзiрлейдi, шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттарды тану және нострификаттау рәсiмдерiн жүзеге асырады, сапаны қамтамасыз ету жөнiндегі халықаралық бағдарламаларға қатысады. Сертификаттау, сапа менеджментi және консалтинг орталығы (ССМКО) 9000 және 14000 сериялы ISO стандарттарының негізiнде сапа менеджментi жүйелерiн жоғары оқу орындарына енгізудi және сертификаттауды, сапа менеджментi саласында оқу-әдiстемелiк және нормативтiк құжаттаманы әзiрлеудi жүзеге асырады. Республикалық бiлiктiлiктi беру және қуаттау орталығы (РББҚО) жұмысшы кадрлар мен техникалық және қызметтер көрсету еңбегi мамандарының кәсiби даярлығын, олардың бiлiктілiгiн берумен қуаттауды бағалауды тәуелсiз жүргізедi. 6. Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздерi Қазақстандық бiлiм берудiң жаңа моделiне көшуге жағдай жасау үшiн экономикалық негіздi нығайту қажет. Бағдарламаны iске асыруға қажеттi қосымша шығыстардың жалпы сомасы 2004 жылдың базалық бағасында 330 812,0 млн. теңгенi құрайды (8-кесте). 8-кесте (млн-теңге) | 2005 | 2006 | 2007 | 2008 | 2009 | 2010 | Барлығы | Респу- бликалық бюджет Жергі- лікті бюджет Мемле- кеттік бюджет | 23379,8 18022,4 41402,2 | 34036,9 19477,3 53514,2 | 32150,8 21705,1 53855,9 | 26216,8 31552,5 57769,3 | 29484,4 32115,6 61600,0 | 30501,1 32169,3 62670,4 | 175769,8 155042,2 330812,0 | Бағдарламаны 2006-2010 жылдары қаржыландыру көлемi тиiсті қаржы жылына арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердi жоспарлаған кезде нақтыланатын болады. ҚР Президентінің 2006.24.05. № 123 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2008.25.06. № 622 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 7-бөлім өзгертілді 7. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетін нәтижелер және оның индикаторлары Бағдарлама кезең-кезеңiмен iске асырылатын болады. Бiрiнші кезең (2005-2007 жылдар) Өңiрлiк деңгейде білім берудi басқарудың бiрiзділік жүйесi құрылатын болады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесiнде әйелдерге жұмыс iстеуге мүмкiндiк беретiн және әлеуметтік жағынан қорғалмаған әрi тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсететiн әлеуметтiк институт ретiнде мектепке дейінгі бiлiм беру ұйымдарын дамыту жөніндегі нормативтік құқықтық база және ғылыми-әдiстемелік негіздер әзiрленетiн болады. Кәсiпорындарға жеңiлдiкпен салық салу, ауылдық мектептерде көп функционалды бiлiм беру ұйымы ретiнде "мектеп - балабақша" кешендерiн құру мақсатында оларды қайта құрылымдау жөнiнде нормативтiк құқықтық актiлер әзiрленетiн, сондай-ақ "Мектепке дейiнгi балалық шақ" республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылатын болады. Балабақшалар салу және бiлiм беру ұйымдарының базасында мектепке дейінгі шағын орталықтарды құру есебiнен мектепке дейiнгi ұйымдар желiсi кеңейедi. Арнаулы бiлiм беру жүйесiнде: мүмкiндiктерi шектеулi балаларды қамту кеңейтiледi; арнаулы түзеу бiлiм беру ұйымдарының желiсi сақталады және кеңейтiледi; мүмкiндiктерi шектеулi балаларды есепке алудың бiрыңғай нысаны жасалатын болады; мүмкiндiктерi шектеулi балалардың кәсiпке дейінгі және кәсіптiк даярлыққа қол жеткiзуi кеңейедi. Қосымша бiлiм беру жүйесiнде: кәмелеттік жасқа толмағандардың сабақтан бос уақытта iспен шұғылдануы артады; оқушылардың қызығушылықтарына қарай бiрлестiктерге қатысуы артады; жат мiнез-құлықты балалардың саны азаяды. Орта бiлiм беруде: 12 жылдық оқытуға көшудiң нормативтiк құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлары жасалады; "Оқулық" ғылыми-әдiстемелiк орталығы құрылады; сыртқы ағымдағы және қорытынды бағалау жүйесi құрылады; оқытуды ұйымдастыру қағидаттары мен оқушының бiлiм-бiлiктi және дағдыны енжар "алушы" рөлi бiлiм беру процесiнiң белсендi субъектiсiне өзгередi; мектептегі оқытудың күтiлетiн нәтижелерiн және мониторинг деректерiнiң негізiнде оларға қол жеткiзу жолдарын талқылау процесiне күллi жұртшылықты тарту жүйесi құрылады; аудандық бiлiм бөлiмдерi жанындағы әдiстемелiк кабинеттердi қалпына келтiру арқылы әдiстемелiк қызмет жетiлдiрiледi; оқытудың жаңа педагогикалық, ақпараттық және денсаулық сақтайтын технологиялары енгiзiлетін болады. Жыл сайын 54 мың педагог, оның iшiнде 31 мыңы мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен бiлiктiлігін арттырудан өтетiн болады. Ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасының шеңберiнде ауыл мектептерiн салу жүзеге асырылатын болады. Бұдан басқа, республикалық бюджет қаражаты есебiнен қалалық жерлерде қосымша 2005 жылы 7 мектеп, 2006 жылы 8 мектеп және 2007 жылы 11 мектеп салу жүзеге асырылатын болады. Көру қабiлетiнде ақауы бар балаларға арналып 2005-2007 жылдары екi мектеп-интернат салынады, бұл 500 мұқтаж баланы оқытумен қамтуға мүмкiндiк бередi. 2005 жылы - 780, 2006 жылы - 880, 2007 жылы - 970 бiлiм беру объектісiн жөндеу көзделедi. 2010 жылға дейін 6238 білім беру ұйымы лингафон және мультимедиа кабинеттерімен қамтамасыз етілетін болады, бұл оқушылардың тіл дайындығын жақсартуға ықпал ететін болады. Түзеу бiлiм беру ұйымдары мүгедек балаларды оқыту үшiн арнайы техникалық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз етiледi. Мектептен тыс ұйымдардың желiсiн ұлғайту балаларды қосымша бағдарламалармен қамтуды 20-25%-ға дейiн жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Мұндай шара кәмелетке толмағандардың сабақтан тыс бос уақытында iспен шұғылдану проблемасын шешуге және жат мінез-құлықты балалар мен жасөспiрiмдердiң санын азайтуға көмектеседi. Кәсiптiк бiлiм беруде: кәсiби кадрларды даярлауды ұйымдастыруға экономиканың нақты секторын тартудың нормативтік құқықтық негізi жасалады; еңбек нарығы мен қоғамның қажеттіктерiн қанағаттандыру үшін кәсіптік бiлiм берудiң қол жетiмдiлігі мен беделi өседi (техникалық және кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарында оқуын жалғастыратын мектеп бiтірушiлердiң үлесi кемiнде 30%-ды құрайды); техникалық және кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнiң жұмыс берушілермен әрi шағын және орта бизнес субъектiлерiмен байланысы нығаяды, әлеуметтiк серiктестік субъектілерiнiң ынтымақтастығының тиiмдiлігі артады; жұмыс берушiлер мен МЖБС-ның қазiргі талаптарына сәйкес келетін жаңа оқу, оқу-әдiстемелiк әдебиет, оқыту құралдары жасалады; кредиттік оқыту жүйесi енгiзiледi, техникалық және орта бiлiмнен кейінгі кәсiптiк білім беретін оқу бағдарламаларын жоғары бiлiм бағдарламаларымен үйлестіру қамтамасыз етіледi; бiлiм беру процесiнде АКТ-ны қолдану кеңейедi; техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындарында компьютерлер саны 25 оқушыға 1 компьютерден келу арақатынасына дейiн жеткiзiледi; жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, оларды қайта даярлау (мақсатты келiсiмшартпен даярлауды дамытуды қоса алғанда), кәсiптiк жолын өзі таңдауына, оның iшiнде жеке iсiн ашуға дайындықты қалыптастыру жүйесi жасалады; техникалық және кәсiптік бiлiм беретiн мемлекеттік оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады; жұмысшы кадрлар мен техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандарының кәсiптiк даярлығын бағалауды, оларға бiлiктiлiктi беру және қуаттаудың тәуелсiз жүйесi құрылады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiм беру жүйесiнде Қазақстанның Болон процесіне қосылуына жағдай жасалатын болады. Жоғары оқу орындарының кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын көтеру нәтижесiнде азаматтық жоғары оқу орындарының және олардың филиалдарының желiсi ретке келтiрiледi. Жыл сайын жоғары оқу орындары үшiн саны 100-гe жететiн оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдар және оқу-әдiстемелiк кешендер әзiрленетiн болады (әрi оның 30 %-ға жуығы мемлекеттік тiлде), 300-ден астам шетелдiк оқу әдебиеттерi, оның iшiнде магистратураның жаңа білім беретін оқу бағдарламаларының пәндерi және Ph.D докторлық бағдарламалары бойынша сатып алынады. Оқу әдебиетi неғұрлым басыңқы, ең алдымен техникалық, технологиялық, аграрлық, ветеринарлық және педагогикалық мамандықтарға бөлiнетiн болады. Аспирантураны, дәстүрлi докторантураны Ph.D докторантурасына кезең-кезеңiмен өзгерту және кадрларды даярлаудың үш деңгейлі жүйесiне (бакалавриат - магистратура - докторантура) толығымен көшу жүзеге асырылады. Жаңа бағдарламалар бойынша магистратураға жыл сайын мемлекеттiк тапсырыспен қабылдау 2500-ден астам адамды құрайтын болады, Ph.D докторантурасына - 100 адам. Аккредиттелген докторлық бағдарламалары бар жетекшi шетелдiк жоғары оқу орындарымен серiктестiк қарым-қатынаста Ph.D докторларын даярлау жөнiнде 5 жоғары оқу орнының базасында орталықтар құрылатын болады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқыту үшін жыл сайын Қазақстанның 3 мың азаматы жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілетін болады. Мыналар: жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламалары жаңартылады, пәндiк бiлiмнiң iргелiлiгi, кең бейiндiлігі, оларды меңгеру мен қолданудың шығармашылық деңгейi қамтамасыз етiледi; студенттердiң белсендi өзiндiк жұмысы, оқыту бағытын жеке таңдауы, білім алушылардың, оқытушылардың академиялық ұтқырлығы үшін жағдай қамтамасыз етіледi; сапа менеджментi жүйесi енгiзiледi, жоғары оқу орындарының кәсiптiк білім беретін оқу бағдарламаларын аккредиттеу үшiн жағдай жасалады; жұмыс берушiлердiң және басқа да әлеуметтік серiктестердiң жоғары бiлiм беру проблемаларын шешуге, оның iшiнде қазiргі заманғы бiлiктiлiк талаптарымен сәйкес келетін бiлiм стандарттарын әзiрлеуге, мамандар даярлауға тапсырысты түзуге, студенттердiң өндiрiстiк практикасы мен тағылымдамасын ұйымдастыруға қатысуы қамтамасыз етiледi; неғұрлым дайындалған жастарды iрiктеу мақсатында студенттер контингентiн қалыптастыру тетiгi жетiлдiрiледi; білім беру гранттарының санын ұлғайту және студенттердi оқытуды кредиттеудiң жаңа моделiн жасау арқылы жоғары бiлiмге қол жеткiзу деңгейi арттырылады; сабақтастықты күшейту, үздiксiздiкті қамтамасыз ету, сондай-ақ бiлiм беру және ғылыми компоненттерiн, магистратураның және Ph.D докторантураның білім беретін оқу бағдарламаларын оңтайлы ұштастыру арқылы жоғары бiлiктi ғылыми-педагог кадрларды даярлаудың тиiмдiлiгi артады, сапасы жақсарады, мерзiмi қысқаратын болады, олар жастардың ғылымға келуiне жағдай жасайды; жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға қойылатын лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу талаптарына, оның iшiнде Ph.D дәрежесiне ие кадрлардың болуы мiндеттi саналатын бөлiгiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізiледi; Ғылыми ұйымдардың басшылары, мамандары және басқа қызметшiлерi лауазымдарының бiлiктiлiк анықтамалығына, қызметкерлерi лауазымдарының бiлiктiлiк сипаттамаларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi; ғылым кандидаттары мен докторларының дәстүрлi дипломдарының және Ph.D дипломдарының қатар танылуына кепiлдiк беретiн тетiк жасалады; таңдаулы (элита) жоғары оқу орындарын дамыту үшін жағдай жасалады. Жетекшi университеттердiң базасында жоғары оқу орнының оқытушыларын қайта даярлау және бiлiктiлігін арттыру орталықтары жұмыс жасайтын болады. Осы орталықтарда бiліктiліктi арттыру бағдарламаларымен 10,3 мыңнан астам педагог қамтылады. Бағдарламаның орындалуы нәтижесiнде бiлiм берудiң бiрыңғай ақпараттық ортасының негiздерi қаланатын болады, ол: білім берудi дамытуды ақпараттық және ғылыми-әдiстемелік қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесінің негіздерiн қалыптастыруға; бiрыңғай көлiк ортасы негiзiнде бiлiм беру объектілерi мен процестерiн тиiмдi басқару үшiн салалық ақпараттық жүйе құруға; ауыл мектептерiн қоса алғанда, бiлiм беру ұйымдарында аталған мекемелердiң жалпы бiлiм беру ресурстарына қол жеткiзуiн ұйымдастыру, жоғары бiлiктi педагог кадрларды ұтымды пайдалану, әрбiр бiлiм беру ұйымы үшiн жаңа АКТ саласында мамандарды даярлау арқылы бiлiм беру ұйымдарында оқыту сапасын арттыруға; 2005 жылдың соңына дейiн республика мектептерінің 75%-ын Интернетке қосуға; 2007 жылы мектептердегі компьютерлер санын 35 оқушыға 1 компьютер арақатынасына дейiн жеткiзуге; қазiргi заманғы электрондық оқулық басылымдарын әзiрлеуге және оқу процесiне енгізуге, жалпы бiлiм беретiн мектептiң негізгі пәндерi бойынша электрондық оқулық басылымдарының таралымын ұйымдастыруға және оларды дәстүрлi оқыту құралдарымен кiрiктірудi жүзеге асыруға; республиканың жоғары оқу орындары мен өңiрлерiнде бiлiм берудiң ақпараттық pecурстap орталықтарын құруға; барлық деңгейдегі бiлiм беру мекемелерiнiң оқытушыларын әдiстемелiк қолдау жүйесiн құруға, жаңа АКТ саласында педагог, әкiмшiлiк және инженер-техник кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүргiзуге; қашықтан оқыту технологиялары мен АКТ-ны қоса алғанда, ашық бiлiм беру саласында стандарттау жөнiнде нормативтiк құжаттар базасын құруға мүмкiндiк бередi. Бiлiм беру статистикасын жетiлдiру статистикалық деректерге, бiлiм беру сапасы туралы ақпаратқа негізделген Қазақстан Республикасында бiлiм беру мониторингінiң жаңа жүйесiн құруға ықпал етедi. Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесi бiлiм сапасын кешендi емтихандар арқылы бағалауға, бiлiм беру сапасы мониторингінiң ұлттық жүйесiн әзiрлеуге мүмкiндiк бередi. Бiлiм беру сапасын сыртқы және iшкi бағалаудың объективтi құралдары жасалып, бiлiм беру ұйымдарын кезең-кезеңiмен дәрежелеу енгізiлетiн болады. Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесi бiлiм беру жүйесiнiң тиiмділiгі туралы нақтылы ақпарат алуға, бiлiм берудi дамыту стратегиясын жоспарлауға, жергілiкті атқарушы органдардың, бiлiмдi басқару жергілiктi органдарының оқыту нәтижелерi үшiн жауапкершiлiгін арттыруға, бiлiм беру процесiне қатысушыларды үздiксiз оқытуға негізделуiн қамтамасыз етуге, жағымсыз нәтижелердi болдырмау жөнiнде шаралар қолдануға мүмкiндiк бередi. Әрбiр оқу жылының нәтижелерi бойынша бiлiм берудiң жай-күйi туралы ұлттық баяндама жарияланатын болады. Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық орталығы, Ұлттық аккредиттеу орталығы, Сертификаттау, сапа менеджментi және консалтинг орталығы, Республикалық бiлiктiлiктi беру және қуаттау орталығы өз қызметтерiн бастайды. |