Молдағалиева Ұлболсын




Скачать 62.01 Kb.
НазваниеМолдағалиева Ұлболсын
Дата конвертации08.02.2016
Размер62.01 Kb.
ТипДокументы
источникhttp://unesco-kaznu.ucoz.kz/Pobeda/3KO/Moldagalieva.doc




Молдағалиева Ұлболсын


Ұлы Жеңіс мәңгі жасасын!


Ұлы Жеңіс– құдіретті үн,

Құйылды кеп кеудемізге...

Ұлы Жеңіс – құдіретті үн,

Саңқылдайды, тебірентеді...

Көңілі қандай шалқар еді,

Нендей ыстық махаббаты!

Құшақтасып ұшар еді,

Әттең ғана жоқ қанаты.

Қ.Аманжолов.


Жеңіс – құдіретті сөз, ұлы сөз, ол барша қуаныш, қасиетті жиып ап, адамдардың суық, азаптан әлсіреген кеуделеріне нұр боп құйылып, жан-дүниесін жадыратып, жарқыратып, шексіз махаббатқа бөледі, шаттықтың шалқар теңізінде жүздірді.

Биыл Ұлы Жеңіске – 65 жыл! 65 жыл бойы халқымыздың әр таңы арайлап атып, ешқандай үрей, қорқынышсыз, келешегіне деген жарқын үмітпен өмір кешіп келеді.

65 жыл ел болып Жеңісімізді ұлықтап, аспандатып, асқақтатып келеміз. Сонша жылдар бойы Ұлы Жеңіске қатысы бар, оған жету жолында күрескен, қан төгіп, жан қиған, ерлік жасаған, өлшеусіз еңбек еткен, ән-жырына, асыл сөзіне арқау еткен жандарға құрмет пен ілтипаттың көрсетілуінде шек жоқ. Жеңіс – біздің әніміз, жырымыз, ар-намысымыз, бақытымыз, тыныштығымыз, тіршілігіміз.

Туған ел тарихын көз алдымыздан өткізсек, тату да бейбіт, шырайлы өмір кешіп жатқан елімізді ойран етуді ойлаған қанқұйлы жау соғыс өртін лап еткізді. Соғыс сөзі қандай суық болса, ол әкелген алапат қиындық та сондай болды. Жылау, жоқтау, азап шегу, адасу, өлу, қансырау, ашығу, тоңу – осылардың бәрі де 1941–1945 жылдар аралығында ел басынан көрген қорқынышты түстей боп өтті. Осы кезеңнің шындық бейнесін:

Ілезде сөніп бар үміт,

Тұманнан тыныс тарылып,

Басталды соғыс дегенде

Адамдар қалды аңырып.

Дөңбекшіп жатты дүние

Қасірет бұлтын жамылып, –

деп аяулы ақын апамыз Ф.Оңғарсынова нақты сипаттап береді.

Алуан-алуан қиын, сындарлы кездерді артқа тастап, ес жиып, етек-жеңін жинап, жаңаша қалыптаса, дами бастағанда, қайғының қара бұлтын төндірген Ұлы Отан соғысы еліміздің күш-қуатын, жігер-намысын, қажыр-қайратын еселетіп, төзім, ерлігін қайрай келді. Ел шетіне жау кіргенде, ер етегін басар ма?! Даңқы аспандаған алып батырлардың ұрпағы болған қазақ халқы да отандастарымен, дос, туыс халықтармен бірге ел қорғау ісіне жұмылды.

Әрине, соғыс деген зор сұмдық өмірі мен өнері гүлденіп, салты мен санасы өркендеп келе жатқан туған елге ауыр қасірет шектірді, даму қарқынын шектеп, бар ауыртпалықты халық басына түсірді. Жолында қанша кедергі, кесел кездессе де, аяқтан шалып, сүріндірсе де қуатты ел әр кез мықтылығын көрсетері хақ. Біздің еліміз де тәуелсіздігін сақтау жолында шыбын жанын, қасықтай қанын сарп еткен қас батырлар ерлігінің, қаһарман халқымыздың төзімділігінің және ертеңгі жақсы күнге деген үкілі үміт, зор сенімінің арқасында арман-аңсары мен мақсат-мұратына жетті.

Азаттық жолында табандылық көрсетіп, сұм жау алдында тайсалмай, батыр қазақ халқының ұрпағы екенін танытқан жауынгерлерді әрқашан да мақтан етеміз. Сол кездегі Кеңес елінің халқы майданда да, тылда да отаншылықтың, төзім-қайраттың, ержүректіліктің өшпес өнегесін паш етті. Бақайшағына дейін қаруланған, жалмауыздай жаланған, бойларында иненің жасуындай мейірім жоқ, әділетсіз, жауыз жаумен шайқаста майдан кешкендер батырлықтың тамаша үлгілерін тудырды дей аламыз. Көкте де, жерде де дұшпанмен қаһарлана, қайсарлана күресті. Халық Қаһарманы Б.Момышұлының:

Әдіссіздік – әлсіздік,

Ептілік те – ерлік,–

деген нақылына сай, ерлер әдіс-айла, ептілік, қырағылық, ар-намыс, жүректілік биігінен көріне білді. Әлия, Мәншүк апаларымыз, Б.Момышұлы, Т.Тоқтаров, Н.Әбдіров, Т.Масин, А.Құсайынов, т.б. ержүрек батырлар – қаһармандықтың, отаншылдықтың, ерліктің аңызға айналған ерекше, сөнбес жұлдыздары. Олар қатыгез жаумен шайқаста елді елең еткізетін ерліктің, қайсарлықтың ұмытылмас, қайталанбас түрлерімен танылды. Отан қорғау жолында өз жандарын, жеке бастарын ойлап, қамдамай, ел, халық мүддесін, тәуелсіздігін сақтап қалуға өн бойларындағы бар күштерін жұмсады. Сол үшін оларға, қас батырларға, бас иеміз.

Мен – Жамбылмын, жаугер жыр ел тілеген,

Қазған ормын дұшпанға ентелеген.

Мен – Москва қорғаны, жиырма сегіз,

Мен – Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген, –

деп ақиық ақын Ж.Молдағалиев асқақтата жыр еткен батырлар жауды жайпап, ерлік даңқына бөленсе, Жамбыл бабамыз жалынды жырларымен әр жүрекке отаншылдық сезімін, ерлік рухын орнықтырды.Жыр алыбы халықты еңбекке, ерлікке үндеп, елдің Жеңіске сенімін оятты және майданда жанқиярлығымен көрінген батырлардың тамаша бейнелерін сомдады. Біздің батырлар өлкесі атанған туған жеріміз Орданың өзінен үш бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Олар – Орда топырағында дүние есігін ашқан Шығыстың Шолпаны М.Мәметова, А.Құсайынов, Т.Масин сияқты қыран тұлғалы ерлер. Жалпы, ордалықтар Отан қорқау ісінен де, ел тапсырмаларын орындаудан да ешбір шет қалмаған, тыныс, тіршілігі майдан өмірімен ұштасып жатқан. Әсіресе, Сталинградты қорғауға ерекше атсалысқан екен. 1942 жылдан бастап Сталинград жағалауы ретінде Орда ауданы соғыстық жағдайда деп жарияланыпты. Лек-легімен майданға аттанып жатқан азаматтардың көбі көрші Сталинград майданына түседі. Сол Батыр қала үшін жан алысып, жан беріскен сарбаздардың есімдері қазіргі кезде «Мамай қорғаны» монументтік ансамблінің қабырғасында алтын әріптермен жазылып тұр. Олар – елдің ардақтылары, жас ұрпаққа ерлік істері әрқашан үлгі-өнеге боп қала береді. Екі елдің қошеметіне бөленген жауынгерлер Майдөк Абдулов, Мұқтар Әжіғұлов, Сахи Жақсымбетов, Жамалиден Бегалиев, Ақон Қойбағаров, Теміржан Әмірев, Мұрат Насимуллин, Зейнолла Хасенов, Дияр Абдолов, Қауыш Жұмағалиев, Әлмұрат Әбдіғалиев, Уакел Дауешев, Сисен Кенжеғалиев, т.б. – Нарын өлкесінің құрметті ардагерлері.

Ұрпақтан ұрпаққа,

Жыр қылып, тұр тақта.

Ұлы ерлік бесігі

Сталинград есімі –

Есімі күштің де, ардың да

Жаныңа үңіліп,

Жаманнан түңіліп,

Селт етіп кетесің,

Серт етіп кетесің,

Батырлар қабірі басында,–

деген майдангер ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мамай қорғаны» өлеңі ерліктің ерен қасиетін, ерлерге жасалған құрметті паш етеді.

Осындай Отан үшін от кешкен аға ұрпақтың есімдері ел тарихына еніп, біздер, жас жеткіншектер, үшін мәңгілік алаудай жарқырап тұра береді. Қазақ елі тар жол, тайғақ кешулерден тайсалмай өтіп, алған бетінен қайтпай алға басты. 1991 жылы туған еліміз Егеменді ел болып, дербес мемлекеттік даму жолына түсіп, жанды жадыратар жетістіктерге, еңселі жеңістерге қол жеткізді. Үлкен саяси өмір айдынына қадам басып, өркениет әлеміне жол тартқан жас мемлекетіміз күн сайын бой түзеп, нығайып, зор табыстармен дамуда.

Жыл сайынғы Отанымыздың саяси, экономикалық, әлеуметтік даму арнасының бағыт-бағдарын айқындап беретін Елбасы Жолдауында биыл Жеңістің мерейлі жылына орай майдангерлерге жасалатын құрметтер атап көрсетілді. Ардагерлерге, соғыс мүгедектеріне берілетін жәрдемақы мен көмектер атала келіп, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауында былай деп тұжырымдайды: «Бұл - біздің әкелеріміз бен аталарымызға, олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін, олардың біздерге бейбіт өмірді қамтамасыз еткендері үшін көрсеткен құрметіміз». Ал біздің Батыс Қазақстан облысында соғыс ардагерлеріне Орал қаласынан және ауылдан тұрғын үйдің берілуі – оларға жасалған зор сый-құрметтің белгісі. Майдангер аталарымыз Жұмабай Қадеров, Құрман Төлешев, Камал Нарболовтарға Орал қаласынан, Мұқамеден Қоштанов атайға аудан орталығы Сайқын ауылынан сәнді де сәулетті, жайлы тұрғын үй берілгенін үлкен ілтипатпен айтуға болады.

Жеңістің 65 жылы бойында от кешкен аға-апалардың есімдері мектепке, көшеге, ауылдарға беріліп, оларға ескерткіштер орнатылып, жыл сайын батырларға тағзыммен құрмет көрсетіліп, ескерткіш, Жеңіс алаңдары гүл шоқтарымен көмкерілуде.

Ауданымызда даңқты батырлар М.Мәметова, Т.Масин, А.Құсайынов атындағы жалпы білім беретін мектептер бар. Мектеп оқушылары ерлер есіміне сай үлгілі боп, жақсы біліммен сусындап, сонымен қатар олардың өмір деректерін жинап, арнайы жиындар өткізіп тұрады. Бұл жас ұрпақтың бабалар ерлігімен рухтанып, өнер-білімнің тереңіне сүңгіп, арман, мақсат биігіне бойлай беретінін, ардақты батырлардың игілікті істеріне адал болатынын, өн бойларында елжандылық, отансүйгіштік қасиеттері мол боп өсіп келе жатқанын танытады. Біз, жастар, Ұлы Жеңіс Туының желбірей беруіне, туған еліміз қарыштап жетіліп, айбындана дами түсуіне, жер бетінде баянды бейбітшілік, тұғырлы тыныштық орнауына үлесімізді қосып, Ұлы Жеңіске септігін тигізгендердің бәрін де жүрек түкпірінде мәңгілік сақтаймыз, олармен мақтанып марқаямыз.

Шалқар шабытты ақын М.Мақатаевтың

Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,

Шуақ болып шашылмай жылына ма?

Сүй Отанды! Шыныңмен сүйіп өт те,

Гүл боп қадал ойына, қырына да,–

деген өсиеттей сөздері біздей жастарға жөн сілтеп, жол көрсетіп тұрғандай. Шынында да, біздер Отан гүлі, Отан нұры, ел бақыты, халық қамқоры, Жер-Ана перзенті боламыз, әлемге шуақ төгеміз, жерге гүл боп өсеміз, көкте күн боп сәуле шашамыз. Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі құтты болсын да Отанымызды мәңгілік Бақыттың бесігінде тербей берсін!

Жаса, жаса, Ұлы Жеңіс, мәңгі жаса!


Орындаған: Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданы М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ 10-сынып оқушысы Молдағалиева Ұлболсын.

Мұғалімі: Қажипанова Кәкима Оқасқызы.


Похожие:

Молдағалиева Ұлболсын iconСыныбы: 9 «Б» Пән мұғалімі: Молдағалиева Ақмарал Сабырқызы Қазақ әдебиеті
Білімділік. «Қыз Жібек» жырын меңгерте отырып, мазмұнына талдау жасату, жырдағы кедесетін салт-дәстүрлер,олардың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі,...
Разместите кнопку на своём сайте:
Документы


База данных защищена авторским правом ©kzdocs.docdat.com 2012
обратиться к администрации
Документы
Главная страница