Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау




НазваниеСарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау
страница3/10
Дата конвертации22.09.2012
Размер1.62 Mb.
ТипДокументы
источникhttp://www.korkyt.kz/Docs/Saruzenova.doc
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

І.2 Шетел және Кеңес ғалымдарының отбасы және неке туралы зерттеулері


Адамзат баласының отбасындағы тәрбиесі қай ғасырдың болсын өзекті мәселелерінің бірі болды. Ежелгі антикалық дәуірден бастап ойшылдар отбасылық тәрбие мен отбасылық өмірге дайындық жасау мәселесіне ерекше мән берген. Соның бір дәлелін грек ойшылы Платонның көзқарастарынан табамыз. Оның пікірінше, адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет деген тұжырым жасайды [40]. Ал, белгілі ойшыл Аристотель болса, «отбасы - адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған [41].

Отбасы мәселесін көптеген шетел философ ойшылдары жан-жақты қарастыруға тырысты. Солардың бірі классикалық неміс философиясының өкілі Кант отбасындағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. Ал, Фихте отбасының негізі-махаббат десе, Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен [41, 57б.].

 ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасы мәселесіне деген тарихи көзқарастар мен зерттеулер толықтырыла түсті. Мәселен, Л. Морганның 1877 жылы шыққан «Ежелгі қоғам» атты кітабында отбасының тарихы, оның некелі қарым-қатынасы, экономикалық, әлеуметтік дамуы және қызметі қарастырылған [42, 49б.]. Әлеуметтік және отбасылық тәрбиенің өзара байланысын дәлелдейтін зерттеулер де бар (А.Н. Ганичева [43, 48 б.]). Бұл еңбектерде отбасын тарихи категория ретінде қарастырып, оның формаларының байланысын және даму жолдары көрсетілді.

Француз ағартушысы Ж.Ж. Руссо [44], швейцарлық И.Г. Песталоцци [45], орыс педагогтары К.Д. Ушинский [46], Н.К. Крупская [47], А.С. Макаренко [48] т.б. еңбектерінде өздері өмір сүрген замандарына сәйкес отбасы тәрбиесін қарастырған.

Философиялық тұрғыда отбасы ұғымын қарастырсақ, қоғамның ажырамас құрамдас бөлігі, өмірде зор мәні бар кішігірім ұйым деп есептесе, әлеуметтану ғылымында отбасы - некеде және қандас туыстар негізінде құрылған кішігірім топ ретінде көрсетілген. Отбасының мүшелері бір-бірімен тұрмыстық және құлықтық жауапкершілікте бола отырып, өзара жәрдем көрсету қарым-қатынас сипатына ие, сонымен қатар, әлеуметтік құрылым ретінде қоғамның экономикалық базисінің дамуына байланысты өзгеріп, жекелей дербестікке ие болады деп көрсетеді [26].

Педагогикалық – психологиялық тұрғыда отбасы ұғымына сипаттама берсек, ата-ана мен балалар арасындағы, ерлі-зайыптылардың және басқа да оның мүшелерінің қарым-қатынасының тарихи нақты жүйесі болып табылады.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде отбасына - неке мен қандас туысқа негізделген шағын топ деп анықтама берілген [49]. Отбасының ерекшелігі мынада: тұрмыстық жағдайдың ортақтығы, өзара көмек пен қолдау және өзара рухани жауапкершілік арқылы байланысқан.

Кез-келген отбасының өмір жағдайы материалдық және рухани құрылымдармен, тіпті құндылықтармен сипатталады. Оның табиғи-биологиялық және шаруашылық тұтыну қатынастары материалдық жағын білдірсе, ал, руханилықты құқықтық, адамгершілік және психологиялық қатынастар құрайды.

Отбасы мәселелері бұрынғы Кеңес ғалымдары В. И. Зацепин, В. Д. Цимбалюк [50], Ю.Е. Алешина [51], Г. К. Матвеев [52], Ю. И. Семенов [53], М.Земска [54], А. Г. Хрипкова [55], Р. Зидер [56], ал Қазақстанда С. Қалиев [57], Қ.Б. Жарықбаев [58], Ж.Б. Қоянбаев [59], С. Қоңырбаева [60], Д.Б. Оспанова [61], Қ.Ғ. Жүнісова-Елшібаева [62] секілді ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

Жоғарыда аталған ғалымдардың отбасы туралы тұжырымдаларын қорытатын болсақ, ол қарсы жынысты адамдардың, яғни некелік негізде қосылған еркек пен әйелдің, олардың туған немесе тумаған балаларының, кей кезде басқа да бірге тұратын жақын адамдарының қарым-қатынастық және бірлестік формасы деген анықтама жасауға болады. Аталмыш авторлардың пікірінше бұл анықтама барлық отбасының кез-келген даму кезеңдерінің мәні мен сипаттарын білдіреді.

Дүниежүзіндегі әрбір халықтың салт-дәстүріне негізделген отбасылық өмір тарихы бар болатыны сөзсіз. Осы сияқты, қазақ отбасы да өзіне тән ерекшеліктермен сипатталады. Қазақтың отбасы мәселесіне орай бұрын-соңды жазылып, өз кезегінде баспа бетінде жарық көрмеген үлкенді-кішілі еңбектер, әдеттік құқық туралы жинақтар мен қазақтың ауыз әдебиеті мен фольклорындағы деректер де көптептің қасы.

Отбасы бір жағынан адамдардың өзінің ішкі өмірін, құпияларын, сырларын, қарсы тұрған сыртқы әсерлерден қызғанышпен қорғайтын тұйықталған бірлестік. Егер отбасының ішкі өмірін әлеуметтік ортаға ашық етсе, онда ол бірден ыдырап, дағдарысқа ұшырауы мүмкін, ал екінші жағынан, отбасы адамдардың бірлескен өмірінде қоршаған ортаға, қоғамға ашық және айқын бірлестігі болып табылады. Мұндай отбасының ішкі жағдайлары қоғам мәселелерімен қатар қарастырылса, онда оның шешімін ыдыратпайды. Бұл жағдай керісінше, отбасының дамуына қауіпсіздік және сақтану сезімдерін қамтамасыз ететін мүмкіндік туғызады.

Кез-келген отбасы қанша жерден тұйықталған, жабық және кейбір өмір сұру жағдайлары жеке, тіпті жасырын сипатта болғанымен ол қоғамсыз өмір сүре алмайды. Себебі, оның кез-келген мүшесі жан-жақты әлеуметтік топтарға, яғни өндірістік, оқу ұжымдарына, балалар және қоғамдық ұйымдарға, сонымен қатар сауда және денсаулық орындарына қатысты қарастырыла отырып, ондағы адамдармен өзара тығыз және кері байланыста болады.

Әлеуметтік маңызды институттардың бірі ретінде отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа түседі және оның барлық өмір ағымына ықпалын тигізе алады. Отбасында адамдар тек қажеттіліктерін қанағаттандырып ғана қоймай, бірқатар әлеуметтік функциялар орындайды. Сондай-ақ, қоғамның әлеуметтік құрылымы мен оның бір бөлшегі болып табылады.

Отбасының әрбір мүшесі бір-бірімен тығыз байланыста, ерекше жанашырлық пен сүйіспеншілік сезімде болады. Олар бір-бірінің жеке өміріне және тағдырына елеулі түрде ат салыса алады. Бұл жерде бір немесе бірнеше ұрпақ отбасы болып іріктелінеді. Екі ұрпақты отбасының құрылымы мынадай: әйелі мен ерінің, әке мен шешенің, балалардың, ағалардың және қарындас, сіңілілердің рөлі негізделеді. Ал, үш ұрпақтық отбасыда ата мен әженің, ене мен атаның, күйеу бала мен келіннің, қайындар мен балдыздардың рөлі қосылады.

Отбасындағы ата-ана мен баланың қарым-қатынасы мен сезімдер сипатына ешкімнің шүбәсі болмауы тиіс. Отбасылық қарым-қатынаста оның әрбір мүшесінің рөлі ерекше болып табылады. Отбасында ана баланы өмірге әкеледі, оны ақ сүтімен тамақтандырып, әлдилейді және мәпелеп өсіреді. Анадан бала эмоциялық жылық пен махаббат сезімін сезінсе, ал, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасқа әртүрлі көзқарастар мен тұжырымдар бар. Бір көзқарастарда балаға әкесі әйелі арқылы байланысады десе, екіншілері әке мен баланың байланысы тек экономикалық және эмоциялық қолдау деп есептесе, үшіншілері әкенің баласына деген ниеті, жасаған жақсылығы- олардың анасын сүюі деген тұжырымдарды ұсынады [63;64;65]. Қазіргі таңда әкенің рөлі қалай болса да ананың рөлінен кем болмауы керек. Бұл жағдай тек әр адамның жауапкершілік сезіміне тәуелді болып келеді. Себебі, қазіргі таңдағы жаһандану жағдайында, әсіресе еуропалану уақытында ұлттық құндылықтарымыз арқылы баланы тәрбиелеу басты мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Отбасылық дағдарыстардың белең алуы көп жағдайда еліктеушілік қасиетімізге байланысты екені ешкімге күмән туғызбас. Сондықтан бала тәрбиесіндегі мәселелер, әсіресе отбасылық өмірге тұлғаның дайындығы ғылыми тұрғыда негізделуі керек. Бұл жағдайлар жоспарланбаған сәбилердің дүниеге келуінен, жас отбасылардың дағдарыс жағдайларының, жауапсыздық сезімдердің алдын алуға мүмкіндік беруі тиіс.

Көптеген еңбектерде ғалым-педагогтар мен психологтар балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін дүние жоқ деп есептейді. Осы орайда, балалардың рухани үйлесімді тұлға ретінде қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық, т.б. адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне байланысты болып табылады.

Сонымен, қандай да болсын, мейлі ол толық не жартылай болсын әрбір отбасының өзіндік даму тарихы бар. Жоғарыдағы айтылған ойлардан туындайтыны отбасы – бұл кішігірім мемлекет, әлеуметтік топ. Ол алғашқы адам баласы пайда болған кезеңнен бері қарай дамуда, бүгінгі күні оның сипаты мен мәні өзгеруде. Дегенмен ерте кезден-ақ, отбасын құру күнкөріс қамынан, ерлі-зайыптылық қарым-қатынастан және ұрпақ әкелуден бастап туындаған.

Бүгінгі күні отбасы құрамын анықтау мәселесінде отбасыға психологиялық көмекті ұйымдастыру теориясы мен тәжірибесі біршама күрделі сипатта болып отыр. Отбасы туралы танымал американдық отбасылық психотерапевт С. Минухин оның мүшелерінің дара биопсиходинамикасына қарағанда неғұрлым кең дүние деп есептеген [66]. Аталмыш ғалымның пікірінше отбасы мүшелерінің өзара әрекеті олардың трансакцияларын басқаратын нақты бір заңдылықтарға тәуелді болып табылады. Сонымен қатар, осы заңдылықтар отбасы құрылымын құрайды деп тұжырымдаған.

Белгілі ғалым Л.Б. Шнейдер бойынша, отбасылық топтың маңызды интегралдық сипаттамасы оның қызметі, құрлымы және динамикасы болып табылады [67].

Келесі мәселеде отбасының жүйелеріне тоқталамыз. Отбасы жүйесінің динамикасы оның өмірлік циклімен тығыз байланысты. Біріншісі–жұптар немесе ерлі–зайыптылар жүйесі болып табылады. Бұл некеге отырумен жүзеге асады. Мұнда ерлі–зайыптылар өзара әрекет жасайды және атқаратын рөлдерді қабылдауға не қабылдамауға бейімделу (аккомодация) процесі басталады.

Ата–аналық жүйе ерлі–зайыптылардың балалары дүниеге келген соң пайда болады. Өз кезегінде ата-аналар жүйесі өзгеріп отырады, сонымен қатар, балалардың жасерекшелігіне қарай бейімделеді. Сондай-ақ, ата–аналар жүйесі отбасындағы барлық өсіп келе жатқан балалардың қажеттіліктерін ескеруге міндетті болып табылады. Өз кезегінде жоғарыда аталған жағдайлар, әрине тек жасерекшеліктік ғана емес, дара – психологиялық сипаттамаларымен және жыныстық ерекшеліктерімен негізделген бірқатар қиындықтармен тығыз байланысты.

Ал, балалар жүйесі балаға тек «бала болу» мүмкіндігін тудырады, қатарластарының қарым–қатынасы енгізілмейтіндей құзіреттіліксіз және жауапкершіліксіз тәжірибелі қарым–қатынас жасауға болады. Балалардың қарым-қатынасы қатарластарымен және ересектермен өздігінен байланыс орнату үшін оған қажетті дағдылар мен әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе алаңына айналады.

Жоғарыда атап отырған жүйелердің бөлініп шығуы олардың ішкі және сыртқы байланыстарын анағұрлым анық көрсетуге мүмкіндік береді. Ал бұл байланыстар отбасы құрылымын оның шекарасы тұрғысынан сипаттайды. Осы шекаралардың жүйелері олардың арасындағы және ішіндегі қарым–қатынастарды реттеуге жағдай жасайды. Мұндай шекараларды С.В. Ковалев қарастырды [68].

Отбасылық мәселе бойынша еңбектерін ұсынған Э.Г. Эйдемиллер бойынша, отбасының шеңберінде шекараның үш типі кездеседі: нақты, ригидтік, дуффуздық [69].

Қазіргі уақытта жастардың отбасыға және некеге деген қатынастары ерекше сипатта болып отыр. Өйткені көптеген бүгінгі жастар өз әріптестерімен қарым–қатынасқа түсуге, істі жауапкершілікпен орындауға үйренбей жатып, ойланбастан немесе неке құруға асығыс шешім қабылдайды. Нәтижесінде неке туралы пікірлері мен сенімдері дұрыс болып шықпайды. Көптеген зерттеулерде көрсеткендей, неке сәтті болуы үшін жастар жауапкершілікті ең басты орынға қоюлары керек. Кейбір жастар ерлі–зайыпты өмірдің бірінші жылында стресстік жағдайларға ұшырап, өмірлік қиындықтарға толық дайын емес болып шығады. Мұның салдарынан жас отбасылар дағдарысқа ұшырап, ажырасулар көптеп белең алып кетеді. Осы орайда, «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі. Алып ұшпа-сезімдерінің салдарынан жастардың бір-бірінің өміріне жауапсыздығы белең алып, «әкесіз бала», «жалғызбасты ана» деген ұғымдар белең алып отырғаны кімді де болса ойландырады.

Қазіргі нарық жағдайында жастарды неке құруға және болашақ отбасылық өмірге дайындау өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде басты міндеттердің бірі болып табылады. Көптеген ғалымдардың зерттеулерінде (Ю.Е. Алешина, А.И. Антонов, В.А. Борисов) жастарды белгілі бір жасқа келгенде отбасын құруға толығымен дайын деп есептеген. Дегенмен, әлеуметтік ортаның мәдени-тарихи динамикасына орай, өсіп келе жатқан жас ұрпақты отбасын құруға арнайы дайындық жүргізу қажет. Толып жатқан әлеуметтік, педагогикалық және психологиялық зерттеулер және этностық құндылықтар арқылы жастарды неке және отбасын құруға дайындау психологиялық жұмыстың басты мақсаты болып отыр.

Отбасылық өмір туралы жағымды көзқарастар жастарды тұлғалық үйлесімді дамуға және өмірлік бақытты етуге жетелейді. Жас отбасының тұрақтылығы олардың неке құруға психологиялық дайындығымен ерекшеленеді. Аталмыш жүйе тұлғаның әлеуметтік–психологиялық орнығуымен және ерлі-зайыптылардың өмірге деген эмоциялық–психологиялық қарым–қатынасымен анықталады. Ал кейбір ғалымдар неке мен отбасының тұрақты қарым–қатынасы неке құруға психологиялық дайындығымен байланысты деп көрсеткен (А.А. Бодолев, К.Бейкер).

Белгілі шетел ғалымы және индивидуалды психологияның негізін салушы А. Адлер некеге психологиялық дайындықтың сәтті болуы адам өмірінің стилімен және оның түптұлғасымен негізделеді деп тұжырымдайды [70]. Аталмыш ғалымның пікіріне сай бірнеше жылдан кейін оның махаббат пен некеге туралы пайымдауы толығымен өзекті болып шықты. Ғалымның пікірінше, махаббат пен некеге психологиялық дайын болу үшін ең алдымен әлеуметтік тұрғыда бейімделген болу керек. Шын мәнісінде тұлғаның махаббат пен некеге деген қабілеттілігі адам өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қалыптасады. Ересек адамдар отбасында тұлғаның қасиеттерін тани отырып, алдағы уақытта қателіктер жібермеуге тырысады. Бұл ғалым әрбір тұлға шешетін өмірдің ерекше үш саласын немесе ерекше үш бағытын бөліп көрсетеді. Алғашқы екі сала жастық шақта неке мен махаббатқа дайындалуды үйретеді. Екі жастың арасындағы басты міндеттердің бірі неке болып табылады. Бірақ көп жағдайда жастар мұны жалғыз өзі немесе көп адамдардың шешімінен табуға үйреніп кетеді. Өйткені көп жағдайда жастардың өз бетінше шешім қабылдауларына іскерліктері жетіспей жатады. Ғалым өмірде дұрыс бағытты таңдау кәсіби істі және пайдалы әрекетті талап етеді деп санайды. Бұл қасиеттерден айрылған адам махаббат сезімімен өзгелермен қарым–қатынас жасауға әлі дайын болмайды.

Тұлғаның гуманитарлық теориясының негізін салушылардың бірі, шетел ғалымы Э. Фромм сүйе алу қабілеті туралы көзқарастарының орны ерекше [71]. Э. Фромм махаббатты сезіну және түсінуді, іскерлік пен тәжірибені талап ететін өмірге деген қызығушылықты белсендіретін сезім деп қарастырады.

Жоғарыдаға айтылған пікрілерге орай, өмірлік жар табу оңай міндет емес. Біреулерге жүз жігіттің біреуі ғана ұнаса, енді біреулерге бәрінің де бір міні бар сияқты болып көрінуі заңды құбылыс болып табылады. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі мамандық таңдау, екіншісі жар таңдау деген қағиданы жастардың арасынан жиі естіп жүрсек те, көп жағдайда албырт сезімдер оларды көптеген адасуларға жетелеп келе жатқаны белгілі. Дегенмен, отбасылық өмірге психологиялық дайындық барлық құбылыстардың жиынтығын біріктіретін интегралды категория:

  • тұлғаның отбасылық өмірдегі жұбайы мен болашақ балаларына, жаңа жүйедегі қарым–қатынасқа дайындығы адамгершілік қасиеттерін қалыптастырумен байланысты. Біздің пікірімізше бұл құбылыстар ерлі–зайыптылардың отбасындағы рөлдерімен жүзеге асырылады;

  • ерлі–зайыптылардың отбасылық өмірлері дұрыс қалыптасу үшін, олар өзара түсінушілік пен тұлғааралық қарым- қатынасқа психологиялық тұрғыда дайын болуы қажет;

  • отбасылық өмірде бір–біріне деген эмпатиялық қабілеттері болу керек. Және де өз сезімдеріне сай жақсы көретін адамына әрекет етулері маңызды рөл атқарады;

  • эмпатиялық құбылыс адамның ішкі жан дүниесі мен рухани қасиеттерімен байланысты. Бұл құбылыстың ерекшелігі отбасылық өмір тұлғаның нәзіктік күшін күшейтіп, ерлі–зайыптылардың эмоциялық қабілетін дамытады;

  • отбасылық өмірде тұлғаның мінез–құлқында жоғары мәдени эстетикалық сезімдері болады;

  • отбасылық өмірде кездесетін тұлғалық шиеленістерді конструктивті іскерлік арқылы шешу;

  • ерлі–зайыптылардың тұлғааралық қарым-қатынастарын дамыту үшін жастар бұл шешу процесін қолдануға болады.

Балалар өмір сүру барысында отбасы мен некеге деген қатынас нормаларын айналысындағы ересек адамдардан үйренеді. Оларда адами қадір–қасиет, достық, жолдастық және шынайылық қасиеттері балалық шақтан бастап дамиды. Бұл қасиеттер адамдағы ең жоғары сезімдердің бірі махаббатты елестетуге және неке мен отбасылық қарым–қатынасты қалыптастыруға жол көрсетеді. Дегенмен, өмір талабының өзгеруіне байланысты бұл өте бағалы механизм білім беруде жеткіліксіз болып табылады. Әрдайым даму процесінде болады. Сондықтан да қазіргі таңда өсіп келе жатқан ұрпақты мектепте педагогтар және отбасында ата–аналары болашақтағы отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайындауы қажет. Яғни, болашақта отбасын құрған кезде ата–ананың міндеттері қандай? Баланы қалай тәрбиелеу керек? Осы сұрақтар төңірегінде әрдайым ой қозғап, ол туралы сауатты мәлімет беру басты міндеттердің бірі болуы тиіс.

Ал, ғалым И.В.Гребенниковтың пікірінше, өсіп келе жатқан ұрпақты отбасылық өмірге дайындауда келесі негізгі ерекшеліктерді жүзеге асыруға болады [72]:

Біріншіден, әлеуметтік ерекшеліктер - отбасында ата–аналар мен ерлі–зайыптылардың рөлдерін, бағалауларын, белгілерін неке мен отбасындағы қарым–қатынастың қоғамдық маңызын ашады;

Екіншіден, адамгершілік–эстетикалық ерекшеліктер - жауапкершілік,

шынайылық, ұстамдылық, мейірімділік, инабаттылық қасиеттерді бойға сіңіре отырып, кіші және үлкенді, ана мен әкені сыйлауға, адамдармен достық қарым–қатынаста болуға тәрбиелейді;

Үшіншіден, заңи ерекшеліктер - заңды түрде неке мен отбасының негізгі заңдылықтарына сүйенеді. Отбасының жалпы заңына сай ерлі–зайыптылар қоғам мен балаларына, бір-біріне деген міндеттерді білуі керек;

Төртіншіден, психологиялық ерекшеліктер - неке мен отбасылық өмірдің психологиялық негізі. Ерлі–зайыптылар отбасылық өмірде бір–бірінің психологиясын түсінумен қатар, сезімдерін дамытып, қарым-қатынас дағдыларын игеру қажет;

Бесіншіден, физиологиялық ерекшеліктер - ерлі–зайыптылардың жыныстық өмірімен ерекшеленеді;

Алтыншыдан, педагогикалық ерекшеліктер - отбасында баланы тәрбиелеуде маңызы зор. Ата–ананың педагогикалық сауаттылығы мен мәдениетінің жоғарлауы отбасылық тәрбиелеуді қалыптастырумен байланысты;

Жетіншіден, шаруашылық–экономикалық ерекшеліктер - ерлі–зайыптыларды үй–шаруашылығын, мәдени тұрмысты және отбасы қаржысын жұмсауға үйретеді.

Жоғарыдағы айтылған ерекшеліктерді ескере отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты, яғни жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындау қоғамда маңызды рөл атқарады. Мұндағы әрбір ерекшеліктер жастарды жан–жақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосады. Жастарды отбасылық өмірге тәрбиелеудің барлық жақтары әлеуметтік–педагогикалық және психологиялық факторлармен ерекшеленетіндігі белгілі. Сондықтан жастарды отбасылық өмірге дайындау өзара әрекетті қажет етеді. Бұл айтылған мәселелердің барлығы жастардың отбасылық өмір туралы көзқарастары мен сезімдерінің қалыптасуымен байланысты болады.

Қазіргі қоғамда жастарды отбасылық өмірге және некеге психологиялық жағынан дайындау басты міндеттердің бірі екендігін жоғарыда айтылған болатын. Біздің жұмысымызда отбасылық өмірге этностық құндылықтар арқылы психологиялық дайындау мәселесі қарастырылады. Өйткені ересек адамдар әсіресе жастар отбасы адамға не үшін керек деген сұрақты сирек қояды. Бүгінгі жаһандану жағдайында “отбасы” ұғымы әрбір тұлға үшін әртүрлі мағына береді. Отбасы ұғымы бала үшін ата-ана және аға-апа, бауырларына байланысты қарастырылады, яғни оның тәрбиесіне қатысатындар арасындағы қарым-қатынас болса, ал жастар үшін некелескеннен кейін өзіне және оның жарына, содан кейін болашақ балаларына қатысты саналанады.

Отбасының сансыз көп құбылыстары тұлға сипатына әртүрлі мағына береді. Отбасы адамның психологиялық–физиологиялық жайлылығын толығымен қамтамасыз етеді және жоғарыда атап өткен эмоциялық функциясын атқарады. Отбасында әрбір тұлға өзін керек екендігін сезінеді. Өмірде кездесіп жатқан көптеген адамдардың келеңсіз жағдайларға түсуі өзін керексіз сезінуінен басталып отыр. Осы орайда, отбасында әрбір адам өзін бірегей, қайталанбас және қамқорлыққа ие, сонымен қатар өзінің қажет екенін сезінуі керек.

ҚР отбасы және неке туралы Заңына байланысты қазіргі жастар арасындағы неке құру үшін қажетті жағдай - екі қарсы жыныстың кәмелетке келуі, яғни 18 жасқа толуы болып есептеледі [73]. Қазіргі таңда ата–аналар да негізінен осы жас мөлшерін дұрыс деп есептей отырып, бұл жас кезеңіне дейін қызын ұзатуға және ұлын үйлендіруге асықпайды. Себебі, әрбір ата–ана өз балаларының оқу бітіріп, өз бетінше өмір сүруге дайын болған кезінде ғана жеке отбасылы болуын қалайды. Олай болса, қазіргі күнде орта мектепті 17 – 18 жасқа, ал жоғарғы оқу орнын негізінен 22 – 23 жасқа толғанда бітіретіндіктен, оның үстіне өзіне өмірлік жар таңдау жастардың өз еркінде болғандықтан, неке құру жолы бұрынғымен салыстырғанда әжептәуір жоғарылады. Жинақталған деректерге қарасақ, қазіргі жастардың арасында алғашқы неке құру жасы негізінен 18–25 аралығында болып отыр. Кейбір әлеуметтік және психологиялық жағдайларға байланысты бұл аралықтан әрлі–берлі ауытқуы да мүмкін. Көп жағдайда қыздар негізінен 20 жасқа дейін тұрмыс құруды дұрыс деп санаса, ер азаматтар Отан алдындағы борышын, яғни, әскер қатарында қызмет еткеннен кейін барып отбасылы болуды қалайды. Мұның өзі қазіргі заман талабына байланысты қалыптасқан заңдылық іспеттес десек қателеспеген болармыз.

Соңғы кездегі дерек көздеріне сүйенсек, неке құратын жастар негізінен бірге оқу немесе жұмыс істеу арқылы ұзақ бірін–бірі біліп, өзара сынасып, ұнатысу, бір-бірінің қырларын ұғынысудың нәтижесінде отбасын құру арқылы өз тағдырларын ұштастыруға келіседі. Әдетте жастар арасындағы мұндай ұзаққа созылған достық қарым-қатынасты екеуінің де ата-аналары хабардар болады. Сондықтан болашақ отбасын құруға ниеттенген қыз да, жігіт те әке–шешесімен ақылдасып, олардың келісімін ала отырып, өздері де өзара уәделеседі. Әрине, шешім қабылдауда шешуші дауыс әрқашан жастардың өзінде қалатыны сөзсіз. Алайда, осы жайттарды ескере келе, жастардың отбасыға және некеге деген қатынастары әртүрлі болып келеді. Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы заман талабына сай өзгеріске ұшырап, жаңа сипатта және бағытта көрініс тауып отырады. Бұл әсер етуші факторлардың динамикасына тәуелді болып табылады.

Көптеген отбасы мәселесімен айналысқан мамандар жастардың некеге және отбасыға деген қатынастарын талдады (А.Зейнеп, Д.Б. Оспанова). Отбасы жағдайы және онда жүргізілетін тәрбие мәселесімен айналысқан зерттеушілер отбасының және некенің тұрақтылығының басты шарты тұлғалардың адамгершілік деңгейі деп есептейді. Шын мәнісінде адам санасында белгілі адамгершілік қасиеттердің даму деңгейі отбасы сферасы үшін маңызды болып табылады. Дегенмен, қазіргі таңда жастардың отбасын құруға деген жетекші мотивтерінің бірі махаббат екені белгілі. Осы отбасын құрудың басты мотиві махаббат болса, жастар бұл ұғымның мағынасын әртүрлі түсінеді, сезінеді және бағалайды.

Ғалым Т.А. Флоренская «махаббат» ұғымының үш түрлі мағынасын бөліп көрсетті [74]. Бұл ұғымдарға сипаттама беретін болсақ, біріншіден, махаббат- жыныстық құмарлық, екіншіден, махаббат-сүйікті болу қажеттілігі, үшіншіден, махаббат өзгеге бағытталған доминантты қарым-қатынас.

Келесі кезекте біз осы ұғымдардың мағынасына талдау жасап көрелік. Гипертрофиялық жыныстық құмарлық ретінде махаббат адамның барлық өмірлік күшін тартымды етіп, өзінің нәпсісінің құлы етуге дейін апарады. Бұл жағдай адамның рухани және психологиялық дамуының тосқауылы бола отырып, ішкі және сыртқы шиеленістердің тамыр жаюына себептігін тигізеді. Балалардың психикасының дамуына ерлі–зайыптылардың жағымсыз, әрі дөрекі қарым–қатынасы қатты әсер етеді. Т.А.Флоренскийдің пікірінше, мұндай адам отбасын құруға қабілетті емес, оларда тек жыныстық қажеттілікті қанағаттандыруда әріптесті алмастыру ниеті өте күшті басым болады. Соңғы кездегі психологиялық зерттеулерде отбасындағы жоғарыдағы айтылған жағдайды “сериялық моногамия ” ретінде сипаттайды.

Сүйікті болу қажеттілігі ретінде махаббат балалық шақтан бастап туындайды. Бірақ көбінесе адамның сүйікті болуға деген қажеттілігі тек өзіне ғана бағытталған болуы да ғажап емес. Жоғарыдағы айтылған тек біржақты қажеттіліктер балалық шақта өзіне және өзгеге қанағаттанбаушылық пен жоғары мазасыздық сезімін ұялатуы мүмкін. Осы орайда, эгоцентрикалық және невротикалық қажеттіліктер өзіне деген махаббатты талап етеді. Сүйікті болу қажеттілігінің жоғарлауы сәтсіздікке қарай итермелейтін реакцияларды туындатады. Махаббат қарым-қатынасындағы тұрақсыздық, өзгені жақсы көре алмау қабілеті, сүйікті болу қажеттілігінің күшеюі қарқынды қызбалықты туындатады. Мұндай адамдар отбасылық өмірде үнемі қарым-қатынасты анықтаумен болады. Отбасылық өмірге қатысты жауапкершіліктерді, міндеттерді көбінде атқармайды.

Махаббаттың үшінші сипатында, яғни, басқаға доминантты қарым-қатынаста жақсы көру қабілетінің жоғары болуы өзіне және отбасына сенімділік тудырады. Сүйікті адамының өзін жалықтырмағандығы қарым-қатынасты тереңдете және нығайта түсетіні анық. Бұл жағдайда сүйіктілер әрдайым бірге болуды қалайды, оларды тек ажал ғана ажырата алады деп санайды.

Адамзат өмірінде отбасы қарсы жынысты екі жас үшін, тіпті материалдық экономикалық жағынан ата–аналарына бағынышты болса да елеулі іс болып табылады. Неке туралы сөз қозғағанда жастардың отбасылық әлеуметтік институтқа дайын болу жағдайы мен деңгейін анықтауды ұмытпауымыз қажет. Себебі, бұл ұғым біржақты ғана емес. Психологтардың көзқарастары бойынша (В.П. Левкович, С.В. Ковалев) тұлғаның отбасына деген адамгершілік–психологиялық дайындығы әлеуметтік стандартты және мінез–құлық ерекшеліктерінің толық жиынтығын талап етеді. Осы арқылы тұлға отбасылық өмірді реттейді. Адамгершілік-психологиялық дайындығына төмендегі жағдайлар жатқызылады: өзінің отбасылық әріптесі мен болашақ балаларының қылықтарына жауапкершілікті мойнына алуға үйрену, жаңа жүйедегі ерекшеліктерді қабылдауға дайын болу; отбасы мүшелерінің қадір–қасиетін және құқығын түсіну, тұлғааралық қарым–қатынаста тепе-теңдік принципін сақтау; өз жұбайымен күнделікті қарым-қатынас жасау, қарама–қарсы жыныс өкілімен өзара әрекет ету, өз кезегінде жоғары мәдени адамгершілікті жорамалдау; басқа адамның мінез–құлық ерекшеліктерін және оның психологиялық жағдайын және денсаулығын түсіну.

Ресей ғалымы В.С. Торохтий жоғарыдағы талаптар әртүрлі деңгейде жүзеге асады деп санайды [75]. Аталмыш ғалым бұл деректердің негізінде “некеге деген қабілеттілік” ұғымының бірнеше пайымдауларын ұсынды:

  1. Басқа адамға аянбай қызмет ету, қамқорлық көрсету қабілетінің болуы,

жақсылық жасау;

  1. Сезіну, уайымдау, қайғыру қабілетінің болуы, яғни осы арқылы

жұбайының эмоциялық әлеміндегі қуаныш пен қайғыны, уайым мен сәтсіздікті, жеңілу мен жеңісті түсіне алу. Демек, басқа адамның рухани бірлігін табу;

  1. Кооперация, әріптестік, тұлғааралық қарым–қатынасқа деген қабілеттілік.

Үй шаруашылығын жайластыру мен тұтынуды ұйымдастыру. Әртүрлі еңбек түрін дағды мен іскерлік арқылы жүзеге асыру;

  1. Әлеуметтік ортада жоғары психологиялық және этикалық мәдениеттің,

шыдамдылық пен төзімділіктің, ақкөңілділік пен мейірімділіктің басым болуы. Өзгелердің жетіспеушілік және таңқаларлық қасиеттерін қабылдау негізінде өзіндік эгоизмге үстемдік етеді.

Бұл барлық қабілеттер адамның іскерлік көрсеткішінің өзіндік мінез–құлқының сәйкестілігімен жағдайына байланысты тез өзгеріп отырады. Мұны шыдамдылық, тұрақтылық және өзінің мінез-құлқын алдын ала болжау немесе келісімге келу қабілеті деп атайды.

Отбасы психологиясында өзіндік зертттеулер жүргізген аталмыш ғалым өмірде әрбір тұлғаның отбасын құруға дайындығын маңызды жағдайлардың бірі деп белгілеп қояды. Ол отбасының беріктігі көптеген факторларға байланысты деп тұжырымдаған. Өйткені, отбасын күрделі психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері бар қарсы жынысты тұлға құрады. Некеде болатын адамдардың әлеуметтік–психологиялық қарым–қатынасы толығымен кемелденген болуы керек. Оның пікірінше, психологиялық кемелдену эгоизм мен агрессивтілікті жойып, керісінше ерлі–зайыптылардың қарым–қатынасының үнемі өзіндік жетілуіне бағыттала отырып, өзіндік қателіктерін сезінуге қабілеттілігін арттырады.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Похожие:

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconӘлімбекова сабира шереханқызы мектептің еңбекке дайындау бағытында 5-9 сыныптың оқушы-қыздарының этностық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары
Мектептің еңбекке дайындау бағытында 5-9 сыныптың оқушы-қыздарының этностық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconПсихологиялық- медициналық- педагогикалық консультациялардың қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы ереже
Проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді психологиялық- медициналық- педагогикалық тексеру арқылы халыққа көмек көрсетеді, оқыту...

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconАлимкулова эльвира сихимовна нарық жағдайында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамыту (Оңтүстік Қазақстан облысы мысалында)
Нарық жағдайында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамыту (Оңтүстік Қазақстан облысы мысалында)

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау icon1 нарық жағдайында өндіріс тиімділігін арттырудың теориялық негіздері
Кіріспе

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау icon5В110400 Медициналық-профилактикалық іс мамандығы үшін
Мақсаты: «Сананың психологиялық концепциясы» ұғымымен студенттерді таныстыру, сананың психологиялық концепциясы ұғымдарына негіз...

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconАдамзат тарихының тәжірибесі, адамның еңбекке деген ең жақсы ынтасы, яғни, талаптануы, тек нарық, оның ішінде еңбек нарығы жағдайында ғана іске асатындығын
Еңбек нарығы дегеніміз бұл ең алдымен жұмыс күшіне сұраным мен ұсыным. Әрине, бұл тым ерекше, өзгеше нарық. Жұмыс күшін реттеуде...

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconПсихологмаманны ң ж ұ м ы с жасауба ғ ы т ы Психологиялық Психологиялық
Оқушы, мұғалім мен тәрбиеші ( үлкендердің) өзара сөйлеу қорытындысының бұзылуының психологиялық себептерін анықтайды

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconҚазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Мұнымен қазіргі нарық жағдайындағы басқару жұмысының әдістері мен тәсілдерін меңгерген маркетинг мамандарын дайындау қажеттігі мен...

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconҚазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Мұнымен қазіргі нарық жағдайындағы басқару жұмысының әдістері мен тәсілдерін меңгерген маркетинг мамандарын дайындау қажеттігі мен...

Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау iconОқу дағдысын тексеруге арналған
Міне, сондықтан ана тілі пәні мұғалімдері сабақ құрылымын құруда көркем сөздер арқылы тек баланың санасына әсер етуді көздемей, бірінші...

Разместите кнопку на своём сайте:
Документы


База данных защищена авторским правом ©kzdocs.docdat.com 2012
обратиться к администрации
Документы
Главная страница